Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Кәсіпкерлер қолдаусыз қалмайды

Күтпеген жағдайда елімізге тараған қауіпті індет халықты әуре-сарсаңға салғаны белгілі. Бұл жағдайда әсіресе, кәсіпкерлік саласы тоқырап қалды. Дегенмен, жағдай қалыпқа келе бастаған соң коронавирус індетінен жұмысы тұралап қалған кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілді. Бүгінде осы бағытта бірнеше шешім де қабылданған. 
Осы шараның аясында шағын және орта кәсіпкерлікке жеңілдетілген несие беру бойынша бағдарлама іске қосылды. Аталмыш бағдарламаға шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері, сондай-ақ дара кәсіпкерлер қатыса алады. Бағдарламаның негізгі шарты жылына 8 процентпен бір жылға несие алуға болады.
Жеңілдік көптеген кәсіпкерді қызықтыратыны анық. Себебі, проценті төмен несие алу арқылы бастаған ісін әрі қарай дөңгелетіп әкетуге мүмкіндік болады. Кәсіпкерлер қызықтырған сауалға облыстық кәсіпкерлер палатасының жобаларды сүйемелдеу бөлімінің бастығы Мұрат Балабаев толыққанды жауап берді.
– 8 процентпен несие берілгелі отырған арнайы бағдарламаға шектеусіз кез келген кәсіпкерлік қызметпен айналысатын кәсіпкерлер қатыса алады. Салалық шектеу жоқ. Бұл несие айналым қаражатын толықтыруға беріледі. Оның ішінде шикізат, тауарлар мен қызметтерді сатып алуға, келісім шарт бойынша міндеттемесін орындауға, ағымдағы шығынды:салық, жалақы бойынша берешекті өтеуге жұмсауға болады. Жалпы бұл бағдарламаға республика бойынша 12 екінші деңгейлі банк қатысуда. Оның сегізінің біздің облыста филиалы бар. Олар: «Halyk Bank», «Сбербанк», «АТФБанк», «CenterCredit Банкі», «Forte Bank», «Eurasian Bank», «Jysan Bank» және «ВТБ Банк», – дейді М.Балабаев.
Төтенше жағдайды енгізу салдарынан зардап шеккен шағын және орта, дара кәсіпкерлерге осы бағдарламаға қатысып, қаржы алу арқылы ісін өркендетуге мүмкіндік мол. Ол үшін қаржылық жағдайының төмендегенін дәлелдейтін құжат қажет. Мәселен, кәсіпкерлік субъектісінің қызметін тоқтату бойынша растайтын құжатқа басқару есептілігі, дебиторлық қарыздар бойынша үзінді, қызметкерлерді жалақысы сақталмайтын демалысқа жіберу туралы өтініштері, сондай-ақ облыстағы бас санитарлық дәрігердің қаулылары да негіз бола алады. Бұл бағдарламаның іске қосылғанын естіген кәсіпкерлер мемлекет тарапынан өздеріне мол көмек беріп жатқанына дән риза. Әлеуметтік қолдауға ие болған олар бұл мүмкіндікті сәтті түрде іске асырары сөзсіз.
– Еліміздегі төтенше жағдай кәсіпкерлік саласына қиындық туғызғаны рас. Дегенмен, жұмысынан айырылғандарға әлеуметтік қолдау көрсету, жалпы салықтан жеңілдік жасау, несиені төлеу мерзімін кейінге шегеру сияқты шаралар осы уақытша қиындықты еңсеруге септігін тигізді. Сонымен қатар, жақында ғана шағын және орта кәсіпкерлікке жеңілдетілген несие беру бойынша бағдарлама іске қосылғанын естідік. Бұл мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдау екені анық. Бағдарламаның шарттарымен танысып шықтым. Көптеген жеңілдік жасалған. Лимиті де бар. Дара кәсіпкерлерге бекі¬тілген лимит 50 млн теңге, болса заңды тұлғалардың 3 млрд теңгеге дейін несие ала алуға мүмкіндігі бар. Жалпы банктер тарапынан жеңілдетілген «каникул» кезеңі үш айға дейін берілуде. Сонымен бірге бұл бағдарламада кепіл мүлік талап етіледі. Дегенмен, кепіл мүлік жеткіліксіз болса «Даму» Қоры арқылы несиенің 50 процентіне дейін кепілдендіру тетігі қарастырылған, – дейді кәсіпкер Айгүл Оңғарбаева.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: