Дархан даланың тыныс-тіршілігімен жете танысып, оның тылсымын сіңірген жандар ел ішінде көптеп кездеседі. Олар да өз бойларындағы құдірет сыйлаған өнері мен ерекше қасиеттерін қашанда халық игілігіне жұмсап отырған. Елім деген ерлерін жұрты да қастерлеп, қадір тұтып, аттарын өшірмей халық жадына сақтап келген. Олардың басына кесене, күмбездер мен мұнаралар салған. «Әулие» деп таныған.
Сондай ел аузында қалған жандардың бірі – Келімбет баба. Ол Асанның Мәметегінен тараған.Оның кесенесін қожабақылықтар «Келімбет тамы» деп атап кеткен екен. Аталған кесене Қожабақы ауылының батыс беткейінен 8 шақырым қашықтықта орналасқан.
Жалпы дерек көздеріне сүйенсек Келімбет XIX ғасырда өмір сүрген кісі екен. Заманында өзі «Бай болсаң халқыңа пайдан тисін» деген аталы сөзді ұстанып, халыққа қайырымы мол жан болыпты деседі. Ел аузындағы әңгімелер бойынша ол кісінің әулиелік қасиеттері де болыпты-мыс. Бір күні Келімбет дәрет алатын шәйнегіне су құйып, отқа қойса, жаздың өзінде шәйнектегі су ертеңіне қатық болып ұйып тұрыпты. Осыны көрген ол елін жинап, ұйыған қатық суды бірге бөліп ішіп, жұртын ауызбіршілікке, ынтымақтастыққа шақырған екен.
«Халық айтса, қалт айтпайды» деген бар. Көзінің тірісінде Келімбет халқын жинап еліміз айрандай ұйысын, емен бұтағындай қауласын деген ниетпен үлкен үй там тұрғызған. Күніне оншақты жылқы сойып, қанын, жал-құйрығын балшыққа қосып бастырыпты. Үй тамның кірпіші суға ерімейді, отқа өртенбейді екен. Келімбеттің көзі тірісінде салынған тамға өзі, Айжігіт, Дәуіт атты ұлдары мен анасы, жұбайы жерленіпті.
Келімбеттің баласы Айжігіт 18 жыл болыс болып, еліне сыйлы азамат атанған. Қазіргі таңда Келімбет бабаның ұрпақтары дария бойындағы қоныс тепкен ауылдарда тұрып келеді.