Қармақшыда тойханалар өндіріс орнына айнала бастады
Қармақшы ауданында тойханалар өндіріс орнына айнала бастады. Өңірде карантин кезінде кәсіпкерлік салаға тиісті деңгейде мемлекеттік қолдау көрсетілді. Нәтижесінде облыс тұрғындарының өнім өндіруге белсенділігі арта түсті.
Атап айтқанда, Қармақшы ауданындағы 3 тойхана иесі бизнестегі бағытын өзгерткен. Ауданға қарасты Дүр Оңғар ауылында темірбетон өнімдерін шығаратын цех ашылды. Сол арқылы ауыл азаматтары еңбекпен қамтылды. Құрылыс материалдарын өндіруге жол ашылды.
«Ауылдық жерлерде суға салатын кіші және үлкен лотоктарға сұраныс зор. Сондай-ақ, біз қабырға плитасын да шығарып жатырмыз», - деді серіктестік директорының орынбасары Оралбай Машарапов.
Ауыл тұрғыны Ерсін Өтеев те өз кәсібін әртараптандыруды көздеп отыр. Ол шеге, тор, тікен сым сынды ауыл шаруашылығына қажетті өнім түрлерін шығаратын құрылғы сатып алған. Ол үшін мемлекеттік қолдау аясында жеңілдетілген несие алған.
Жалпы, Қармақшы ауданында құны 28 миллион теңгені құрайтын 4 жоба «Қарапайым заттар экономикасы» аясында жүзеге асқан.
«Жыл басынан бері 54 кәсіпкер 296 миллион теңге көлемінде несие алып, өз кәсібін дөңгеленте түсті. Қазір ауданда 27 кіші цех ашылды», - деді Қармақшы ауданының әкімі Мұса Қалдарбеков.
Карантин кезінде бұрын тойхана бизнесімен айналысқан кәсіпкерлер қатарында ісін жаңа бағытқа бұрған кәсіпкерлер саны артты. Олардың бірі пельмен дайындайтын цех ашуға ниет білдірсе, енді бірі құс шаруашылығын ашуға бетбұрыс жасау мақсатында арнайы жоба дайындауда.
«Тағы бір тойхана иесі желілік дүкен ашуға ниет білдірді. Оған қоса, кенттегі тойхана қонақ үй есебінде пайдаланылуда», - деді Қармақшы аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Еркебұлан Әбдікеров.