Қызылордада отбасының шырқын бұзған 1267 адам есепке алынды
Сыр өңірінде қала және аудандық жергілікті полиция қызметтерін, мүдделі мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін, жұртшылықты тарта отырып «Тұрмыс» жедел-алдын алу шарасы өтуде.
Оның аясында тәртіп сақшылары рейдтер ұйымдастырып, үй-үйді аралауда. Басты мақсат – облыс көлемінде отбасы тұрмыстық қатынаста орын алатын қылмыстардың алдын алу, құқық бұзушылыққа бейім тұлғаларға қатысты қорғау нұсқамасын шығару, ерекше талап белгілеу,сондай-ақ, ақпараттық жұмыс ұйымдастыру болып табылады.
Рейдтер барысында қоғамдық орындарда алкоголдік ішімдік ішу немесе масаң күйде жүру фактілері анықталуда.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Сұлтан Бектөре: «Тамыздың 17 күні елімізде «Тұрмыс» жедел-алдын алу шарасы басталды. Оның негізгі мақсаты - қоғамдағы құқық бұзушылықтарды болдырмау, отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол бермеу.Үнемі жанжал шығаратын маскүнемдерді арнайы есепке қою. Учаскелік инспекторлар барлық ықшам аудандарды аралап, ережелерді елемеген тәртіп бұзушыларға тиісті шара қолданады. Осындай кешенді шаралар тентектердің тәртібін тезге салар деп ойлаймыз».
Мұндай істің нәтижесінде 7 айдың ішінде ҚР-сы ӘҚБтК-нің 73 - бабына сәйкес 500-ге жуық әкімшілік бұзушылықтар анықталды. Есептік кезеңде полицейлермен отбасының шырқын бұзған 1267 адам есепке алынды.
«Тұрмыс» жедел-алдын алу іс-шарасы өңірімізде тамыздың 23-не дейін жалғаспақ.