Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Шиелі ауданына қарасты «Ақмая» шаруа қожалығының егіс алқабында бірқатар ірі шаруашылық құрылымдарымен кездесіп, егінге алғашқы орақ салу рәсіміне қатысты. Шара барысында аймақ басшысына облыстың ауыл шаруашылығы саласындағы даму көрсеткіштері мен «Ы.Жахаев» ҒЗИ ЖШС-нің ғылыми жетістіктері таныстырылды.
Жалпы биыл аймақта барлығы 184,2 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Егіс көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 1,1 мың гектарға артып отыр.Негізгі дақыл күрiштің көлемі 89,5 мың гектар.
Егін шаруашылығын әртараптандыру бағытында облыста алғаш рет перспективалы дақылдар қант құмайы 70 гектарға, соя 240 гектарға, жүгері дақылы 1 667 гектарға дейін жеткізіліп, ылғал сақтағыш аквагельдерді пайдалану арқылы богарлы жерлерге 80 гектар күздік бидай дақылы егілді.
Қазіргі таңда, бидай, арпа, сұлы дақылдарын жинау аяқталып, мақсары картоп, көкөніс, бақша, жүгері дақылдарын жинау жұмыстары жалғасуда. Жиналып жатқан ауыл шаруашылығы дақылдарының орташа өнімділігі өткен жылмен салыстырғанда біршама жоғары.
Жалпы биылғы жылы мамандар әр гектардан жиналатын орта өнім 50-55 центнер аралығында болады деп болжайды.Қазіргі уақытта күріш танаптарынан су тарту шаралары атқарылуда. Бүгінгі күні бекітілген кестелерге сәйкес 36,0 мың гектар немесе жалпы күріш егісінің 40,3 пайызының суы байланды.
Облыс әкімі Г.Әбдіқалықова су тапшылығын алдын алу мақсатында егін түрлерін әртараптандыру қажет екенін атап өтті.
«Биылғы жылдан басталған суармалы судың тапшылығы егін шаруашылығында әртараптандыруды шындап іске асыру қажеттілігін айқындап отыр. Осыған орай, алдағы жылдары ауыспалы егіс жүйесіндегі күріш егісінің көлемін 75 - 80 мың гектарға тұрақтандырып, мал азықтық дақылдар егісінің көлеміне басымдық берілуі тиіс», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Сонмен қатар, өңір басшысы сала еңбеккерлерімен кездесіп, ауыл шаруашылық саласындағы жетістіктері үшін алғыс білдірді.
Облыстың экономикалық дамуында ауыл шаруашылығының алатын орны ерекше. Сыр дихандары соңғы алты жыл қатарынан рекордтық өнім алып, күріш экспортының көлемін арттырып келеді.