Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Жастардың бұрыс жолға түсуінің себебі неде?

Жастардың бұрыс жолға түсуінің себебі неде?Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қырандай күшті қанатты -
Мен жастарға сенемін! - деп Мағжан Жұмабаев жырлағандай, шындығында болашақта үлкен үміт күтетін, ел абыройын асқақтататын - жастар. Алайда, қо­ғам, отбасындағы тәлім-тәрбиеге байланысты болар, қазіргі жастар жаман әдеттің жетегінде еріп кеткен секілді. Неге десеңіз, әрбір жас-жеткіншектердің еститіні балағат, былапыт сөздер, тұтынатыны темекі, алкогольді сусындар жастардың өсіп-өнуіне кері әсер ететін секілді. Бұған шындығында кімді кінәлаймыз? Меніңше, баланың тәрбиесі білім алатын, он бір жыл көлемінде білім нәрімен сусындап, өсіп-өркендейтін мектебіне бай­ланысты болар. Елімізде екі тілде оқытатын мектептер қатары бар екендігі жасырын емес. Қазақтың қара домалақ балалары және қаракөз қыздары да орыс тілді сыныпта оқитындығы кейбір жұртты шынымен де алаңдатады. Неге десеңіз, халқымыз орыс сыныбында білім алып, орысша тәрбие алған жастар "бұзылады" деп ойлайды. Алайда, бұл пікірдің дұрыс және де бұрыс жақтарын естен шығармау керек секілді.
Біріншіден, барлығы тәлім-тәрбиеге келіп тірелетіні даусыз. Неге десеңіз, баланың қандай азамат болып өсуі, ер жетуі, отбасындағы береке-ырыс ата-анасы беріп отырған тәрбиеге тығыз байланысты. Дана халқымыз "Бала тәрбиесі бесіктен", - деп бекер айтпаған болар. Ата-аналарымыздың салғырттығынан ба, әлде тым жұмыс­басты болып кеткеннен кейін бе, тіпті оларға балала­рының хал-жағдайы да алаңдатпайтын секілді. Көпке топырақ шашпаймын, осындай ата-аналар ортамызда бар екендігі  де жасырын емес. Егер де ата-ана балаға жақсы тәрбие беріп, тек түзу жолмен жүр деп, насихат сөздер айтып, әрқашанда балаларының жанында табылып, мектептегі жағдайына қызығушылық тудырып, баланың болашағына сәл де болса алаңдаса, бүгінгі таңда баланың жаман әдеттерге тез бейімделуі немесе орысша білім алып өскен жеткіншектердің болашағы не деген мәселелер туындамас еді. Әрине, қай ата-ана баласының жаман болып өскенін қалайды? Біздің ортамызда балаларының айтқанын екі етпей, бүкіл жағдайын жасап, жаманын жасырып, жақсысын асырып отырған ата-аналар кездеседі. Балаларының ештеңеден құр қалмасын, мұқтаж болмасын деп, тым еркелетіп, материалды тұрғыда барлығымен қамтамасыз етсем, барлығы жақсы болады деп ойлайтын ата-аналар қатары да көптеп кездеседі. Меніңше, бұл фактор да баланың болашағына кері әсер туғызуы мүмкін. Қазіргі таңда, қазақ балаларының да орысша білім алатындығы рас. Мұндай білім алудың жағымды және де жағымсыз тұстары кездеседі. Жағымды тұстарына келетін болсақ, орыс сыныбында оқыған бала елгезек, алғыр болып келеді.
Айнұр ДҮЙСЕНБЕКҚЫЗЫ, №112 орта мектебінің психологы:
- Адам өмірге келгеннен бастап, үлкен әлеуметтік ортаға тап болады. Оның осы ортада өзін нық, еркін сезінуі үшін көптеген факторлар қажет. Қазіргі қоғамда балаға сырттан әсер етуші жағдайлар оның жаңа қалыптасып келе жатқан тұлғасына әсерін тигізеді. Балалар мен жеткіншектердің мінез-құлқы бір жағынан тұлғаның ерекшеліктерінің дамуынан хабар беретін белгі ретінде қарастырылады. Сондықтан да, оқушының қандай да бір мінез-құлқының ерекшелігінің ауытқушылық деп жіктемес бұрын психолог оның тұлғалық ерекшеліктерін, ахуалын, оқушының жасын және т.б. ескеруі қажет. Балалар мен жасөсіпірімдерге қоршаған адамдардың немқұрайлығы, зейін қоймауы негізінде бақылаусыз қалу ерекше рөл мен мағынаға ие. Нәтижесінде жалғыздық, қараусыз қалғандық, қажетсіздік, қорғансыздық сезімдері пайда болады. Қазіргі кезде жасөсірімдердің жүрген ортасы қолайлы емес. Балалар мен жасөспірімдердің дамуы мен мінез-құлқына кері әсер тигізетін сыртқы факторларға мыналарды жатқызуға болады:  қоғамда болып жатқан үдерістер, қылмыстың жаланбауы, бұқаралық ақпарт құралдары арқылы зомбылық және қатыгездікті насихаттау, баланың денелік және психикалық денсаулығының бұзылуын дер кезінде анықтау, сапалы тегін қосымша білімге балалардың қолының жетпеуі. Ата-аналар көңіл аударатын мәселенің бірі жанұя тәрбиесі. Жанұяда қандай, қай жастағы бала болсын онымен санасып, жеке ерекшелігін ескеріп, ақылдасып отырғаны дұрыс. Баланың осы кездегі ерекшелігін педагогикалық талапқа сай басқара білмеген адам оны түзеудің орнына бұзып алуы қиын емес. Өтпелі кезеңде баланы ерекше назарда ұстау қажет. Бала кейде теріс қылықты адамдардың алдауына түсіп, қоғамға жат, ортаға жағымсыз істермен айналысады. Мектеп психологының негізгі әрекет түрі баланың логикалық дамуымен тығыз байланысты болғаны жөн. Қорыта айтқанда, баланың психологиясын жан-жақты дамыту керек, оған ата-ана, оқытушы, тәрбиеші белсене атсалыс­қаны жөн.
 
Арайлым МҰРАТ.
 "Ұстаз мәртебесі" газеті
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: