ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен онлайн режімдегі оқытушылардың А.Байтұрсынұлы атындағы республикалық байқауы өтті.
Байқаудың мақсаты – Алаш қайраткері, ұлт ұстазы, тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік идеяларын жаңғырту, оның ғылыми тұжырымдарының тілді оқытудағы заманауи әдіснамамен сабақтастығын зерделеу.
Төрт кезеңнен тұратын республикалық байқаудың бірінші кезеңінде қатысушылар қазақ тілінің А1 деңгейіне арналған 15 минуттық бейнесабақ үлгісін көрсетті.
Бейнесабақ үлгісінде оқытушылардың А.Байтұрсынұлы әдістемелік идеялары мен инновациялық әдіс-тәсілдерді қолдану шеберлігі бағаланды. Екінші кезеңде байқауға қатысушылар А.Байтұрсынұлының өмірі, қызметі мен шығармашылығы, әдістемелік ой-пікірлері қамтылған тест тапсырмаларын орындады.
Үшінші кезеңде ғалымның шығармашылығы, тіл үйрету тәсілдері, әдістемелік мақалалары, сондай-ақ тіл үйрету сабақтары барысындағы түрлі педагогикалық-психологиялық жағдаятқа байланысты бейнесұрақтар ұсынылды.
Байқаудың төртінші кезеңінде қатысушылар өздерінің соңғы жылы шыққан авторлық оқу-әдістемелік құралдары, ғылыми-әдістемелік мақалалары және шығармашылық жетістіктерімен таныстырды.
Аталған шараға республиканың 11 өңіріндегі Тілдерді оқыту орталықтарының оқытушылары қатысты.
Байқауға біздің облысымыздан Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының Облыстық тілдерді оқыту орталығының мемлекеттік тіл маманы Махамбетова Айдана Мұханбайқызы қатысты.
А. Махамбетова байқаудың барлық кезеңіне қатысып, өзінің білімі мен әдістемелік шеберлігі бойынша жақсы нәтиже көрсетіп, жүлделі ІІІ орынды иеленді.