Дәрігерлер трактордың астына түскен қызды аман алып қалды
Астаналық дәрігерлер абайсызда трактордың астына түскен бес жасар қызға ота сәтті жасалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айта кетейік, 6 қыркүйек күні Қорғалжын ауылында екі бала шөп тиелген трактордың тіркемесіне шыққан. Алайда екеуі де құлап, доңғалақтың астына түскен. Салдарынан 8 жасар ұл оқиға орнында жан тапсырды. Ал бес жасар қыз Нұр-Сұлтан қаласының №2 көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілді.
Аурухананың травматолог дәрігері Мұхтар Ахмұрзаевтың айтуынша, қыз жедел хирургия бөліміне ес-түссіз күйде түскен. Оны бірден аппаратқа қосып, жамбасына шұғыл ота жасаған. Бала 10 күн бойы жансақтау бөлімінде жатты.
"Бала өте ауыр жағдайда түсті, жарақаттан қатты шок алып қалған. Бірақ аурухана мамандары – хирургтар, нейрохирургтар, травматолог пен реаниматологтар жедел көмек көрсетіп, отаны сәтті жасап шықты", - дейді Ахмұрзаев.
Қазіргі кезде бала ауруханадан шығуға дайындалып жатыр. Ата-анасы дәрігерлерге шексіз ризашылығын жеткізді.
"Қазір қызымның жағдайы жақсы. Көңіл-күйі де жақсарған. Әкесімен видео байланыс арқылы сөйлесіп тұрады. Отбасымызбен дәрігерлерге алғыс айтамыз. Бірінші Құдайдың қалауымен, екінші дәрігерлердің арқасында қызымыз аман қалды", - дейді қыздың анасы.
Полиция осы оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-тармағы "Көлiк басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiкті пайдалану қағидаларын бұзуы" бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған болатын.