Баршаға белгілі, еліміздің бірнеше облысында құс тұмауы тіркеліп, аудандары карантинге жабылып жатыр. Сыр өңірінде бұл індет тіркелген жоқ.
Облыста 124,8 мың бас үй, 702,6 мың бас жабайы құс бар. Аймақта 17 мың қос қанаттыға арналған 1 құс фермасы, 3 құс өсіретін шаруашылық жұмыс істейді. Қызылорда қаласы мен аудандардағы ветеринариялық ұйымдар тарапынан үй құстарын асырайтын жеке және заңды тұлғалармен кездесулер өткізіліп, аурудың алдын алу шаралары түсіндірілуде.
«Өздеріңіз білесіздер жыл құстары болады. Мезгілге қарай ұшып келеді, кетеді. Әсіресе, өзен, көл сулы аймақта орналасқан елді мекендерде жабайы құстардан сақтану шараларын түсіндірудеміз. Оларды үй құстарымен байланыста болдырмау қажет. Барынша сыртқа ұшырмай, жем беріп өз аулаларында ұстау маңызды. Бізде эпизоотиялық ошақ пайда болған жоқ. Егер пайда болған жағдайда өтемақысы республикалық бюджеттен төленеді. Бірақ сараптама қорытындысы негізінде», - деді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ерсұлтан Апетов.
Қазіргі таңда облыс көлемінде үй және жабайы құстар арасында жаппай қырылу жағдайлары тіркелген жоқ, эпизоотиялық ахуал тұрақты. Бұл жұмыстар басқарманың қатаң бақылауында болады.