Ұлан-ғайыр даланы көзінің қарашығындай сақтаған бабалар ерлігі – айтып тауысқысыз дастан. Туған өлкенің бір уыс топырағы үшін жанын қиған ерлер тарихта аз емес. Азаттықты аңсап, қарыс сүйем жер үшін атқа қонған батырлардың бірі – Есет батыр.
Тарих қойнауына үңілсек Есет Көкіұлы (1667-1749) – қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы күресінде есімі елге танылған әйгілі батырларының бірі. Шыққан тегі Кіші жүздің Жетіруының ішіндегі тама руынан.
Ол Кіші жүз Бөкенбай батырдың күйеу баласы. Батырдың ата-бабалары қазіргі Татарстан астанасы Қазан қаласының маңын жайлап, сол кездегі тарихи-саяси оқиғаларға белсен қатысқан тұлғалар, ал, әкесі Көкі өз заманында аты шыққан батыр болды. Ол жауға үнемі тайсалмай тура шабатындықтан «Таймас батыр» атаныпты.
Тарихшылар Салқам Жәңгір хан жоңғардың Батыр қоңтайшысының 50 мыңдық әскеріне 600 жауынгермен қарсы тұрып, шайқасып жатқанда 20 мың әскермен көмекке келетін Жалаңтөс баһадүр жасағында Көкі батырдың да болғандығын, сонда оның шеп бұзып, үлкен ерлік көрсеткенін жазады.
Жауынгерлік заманда туып, күреспен есейіп, ер жеткен тұрғыластары сияқты Есет батыр да ел қорғау жорықтарына ерте араласты. Жеке ерлігімен көзге түсіп батыр атанды. Тәуке хан тұсындағы жеңісті шайқастарда Есет батыр Кіші жүз қолын бастады.
Осындай шайқастардың бірінде найзагерлігімен көзге түсіп, ерен ерлік көрсеткен Есетке риза болған Тәуке хан кейін оны шақырып алып, «Айбатың аса түссін, найзаң мұқалмасын, ел намысы тұздығың болсын» деп бата беріпті деген әңгіме бар. Есет батыр әйгілі «Ақтабан шұбырындыдан» кейін ел болып бірігіп, жоңғарларға қарсы алғашқы алапат соққы берген Бұланты шайқасына қатысып, езілген елдің еңсесін көтерткен ұлы жеңіске өз үлесін қосты. Ал тарихи бетбұрыс жасаған Аңырақай соғысында ол Кіші жүз құрамының туын көтерген атойшы болды. Есет батыр тек жалаң қылыш батыр ғана емес, сондай-ақ ақыл-парасатымен бүкіл Жетіруды билеген, көрші башқұрт, қалмақтармен мәмілегерлік қарым-қатынас орнатып, талай қантөгістің бетін қайтарған саяси басшы ретінде де есімі тарихта қалды.
1740 жылы орыс басқыншылары Жайық бойындағы қазақтарды ата қоныстарынан ығыстыра бастаған кезде батыр 2000-ға жуық қолымен Әбілқайыр ханның жасағына қосылып, әділетсіздікке қарсы шықты. 1748 жылы Орынбор губернаторынан өз ұлысының Жайық бойына жайлауына рұқсат сұрайды. Патша әкімшілігінің өкілі Кіші жүзге беделді батырдың, рубасының өтінішін амалсыз орындауға мәжбүр болыпты. Есет батырдың кейінгі өмірі Әбілқайыр ханның саясатымен тығыс байланыста болды. Ханның қасында болып, ақыл-кеңесін берді, хан мен халық арасына түскен жарықшақты дәнекерлеп бітістірушісі бола білді. Әсіресе, орыс патшасының қол астына өтер кездегі хан басына үйірілген қауіп бұлтын сейілтуде сол кездің тарихи ірі тұлғалары Бөгенбай, Жәнібек батырлармен бірлесе отырып, оған үлкен көмек көрсетті. Ресеймен қарым-қатынасты жақсартудағы сіңірген еңбегі үшін патша өкметі оған «тархан» атағын берді.
82 жасында дүниеден озған батырдың денесі Ақтөбе облысындағы «Бестамақ» стансысының шығыс жағына жерленген. Басына кесене тұрғызылған.