Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті.
Күн тәртібінде 4 мәселе қаралды. Атап айтсақ, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2020 жылдың 9 айлық қорытындысы, облыс бюджетінің 2020 жылдың 9 айы қорытындысымен игерілу барысы және болжамы, жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасының орындалуы және жылу беру маусымының басталу барысы сөз болды.
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2020 жылдың 9 айлық қорытындысы бойынша экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай баяндады.
Бүгінгі таңда экономикалық дамуды сипаттайтын макрокөрсеткіштердің бірқатары бойынша өсім байқалады. Өнеркәсіптің өңдеуші секторы 3,5%, ауыл шаруашылығығының жалпы өнімі 3,1%, және тұрғын үйлерді пайдалануға беру 0,4% артты.
«Ауыл ел бесігі», «Қызылорда облысының экономикалық даму жоспары», «Жұмыспен қамтудың Жол картасы», «Қарапайым заттар экономикасы» және мемлекеттік бағдарламалары аясында атқарылып жатқан жұмыстар-құрылыс салу көлемі, негізгі капиталға инвестициялар тарту көрсеткіштері бойынша межені орындап қана қоймай, оған қоса өңдеуші өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда және қызмет көрсету салаларына да оң ықпал етпек.
«Ауыл ел бесігі» жобасы аясында ағымдағы жылы облысымызға 62 инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін 5,1 млрд.тенге бөлінген. Бүгінде 35 жоба толығымен іске асырылды.
Аймақ басшысы бюджеттік бағдарламалар әкімшілері, аудандар және Қызылорда қаласының әкімдері аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының макрокөрсеткіштері бойынша 2020 жылдың жоспарлы параметрлеріне қол жеткізуді қамтамасыз етуді және статиска департаментімен бірлесіп, ай сайын экономикалық көрсеткіштердің орындалуына алдын-ала талдау жасап, оң тенденцияны қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Сонымен қатар, Арал, Жалағаш және Жаңақорған аудан әкімдері «Ауыл- Ел бесігі» жобасымен 2020 жылға жоспарланған қаржыларды 100 пайыз игерілуін және нысандардың толық іске қосуын, ал, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысына қала және аудан әкімдерімен бірлесіп барлық көздерден жүзеге асырылып жатқан құрылыс жұмыстарының есебін жүргізіп, атқарылған жұмыстардың статистикалық есептерге енгізілуін қамтамасыз етуді жүктеді.
Мұнымен қоса, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 9 айлық қорытындысы бойынша индустриялдық-инновациялық даму басқарма басшысына
өңірге барлық қаржы көздерінен инвестиция тарту межесін орындауды, кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысына көтерме және бөлшек сауда айналымын арттыру бойынша жұмыстарды ұйымдастыруды, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысына «көлік саласы» көрсеткіші бойынша төменгі деңгейдің қалыптасу фактілерін зерттеп, оң тенденцияға шығу жөнінде нақты тапсырмалар берді. Аталған басқарма басшылары бұл жұмыстарды қала және аудан әкімдіктерімен бірлесіп атқаратын болады.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық қаржы басқармасының басшысы Елена Шаврова сөз сөйледі.
2020 жылдың 1 қазанына облыс бюджеті түсімдері 103,3 пайызға орындалды. Шығындар жоспары 99,7 пайызға игерілген. Ал, бюджет қаражатының жылдық жоспарының 67% ғана игеріліп отыр. Жалпы, жыл соңына дейін 123 млрд.теңге қаржы игерілуі тиіс.
2020 жылдың 9 айында облыс бюджеті шығыстар бойынша 99,7% орындалды. Атап айтқанда, Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш және Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласының бюджеттері бойынша қаражат 99,9% игерілді. 9 айдың қорытындысы сәйкес қаражаттың ең төмен игерілуі Сырдария ауданына тиесілі - 98,8 %.
Аймақ басшысы: «2020 жылдың қорытындысымен игерілмеген қаржылар бойынша тікелей бірінші басшыға тәртіптік шара қолданылатындығын ескертемін», - деді.
Сондай-ақ, барлық облыстық бюджеттік бағдарлама әкімшілері, Қызылорда қаласы және аудан әкімдеріне жыл соңына дейін жоспарланған қаржыларды толық әрі мақсатты игеруді, дебиторлық және кредиторлық берешектерге жол бермеуді қамтамасыз етуді жүктеп, облыстық бюджеттен бөлінген қаржылар есебінен үнемделген қаржыларды қайтару немесе басқа шығындарға қайта бағыттау бойынша тиісті жұмыстарды жүргізу керектігін еске салды.
Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасының орындалуы бойынша облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гаухар Қалмақова баяндама жасады.
Биылғы жылы «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» аясында республикалық бюджеттен 37,8 млрд. теңге бөлініп, облыс бойынша 275 жоба жүзеге асуда.
Нақты айтсақ, әлеуметтік-мәдени нысандардың күрделі және ағымдағы жөндеу, қайта жаңғырту, құрылысы бойынша 125 жоба, тұрғын үй-коммуналдық нысандардың күрделі және ағымдағы жөндеу, қайта жаңғырту, құрылысы бойынша 42 жоба, инженерлік-көліктік инфрақұрылым нысандарының күрделі және ағымдағы жөндеу, қайта жаңғырту құрылысы бойынша 62 жоба іске асырылуда. Мұнымен қоса, елді мекендері аббаттандыру мақсатында 47 жоба іске қосылған.
Жұмыспен қамтудың жол картасы аяқталғаннан кейін, жаңа нысандардың құрылысы арқылы 452 тұрақты жұмыс орындары ашылады деп жоспарлануда. Жалпы бүгінгі күні жоба аясында 9182 адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 5455 тұрғын жұмыспен қамту орталықтары арқылы алынған. Орташа еңбек ақы 88 242 теңгені құрайды. 9 айдың қорытындысы бойынша қаржының игерілуі 98,6% құрады.
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысына Қызылорда қаласы және аудан әкімдерімен бірлесіп, жоба аяқталғаннан кейінгі тұрақты жұмыс орындарының ашылуын, оларға жоба аясында жұмыспен қамтылған азаматтардың кемінде 50%-н тартылуын қамтамасыз етуді жүктеді.
Белгілі болғандай аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес пандемияның алдын алу мақсатында облыс бойынша жылу беру маусымы 10 қазаннан басталды.
Жылу беру маусымының басталу барысы туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетов баяндады.
Облыс көлеміндегі 1183 әлеуметтік нысан жылумен қамтылды. Сонымен қатар, облыс орталығындағы 713 және Қазалы ауданынының Әйтеке би кентіндегі 67 көпқабатты тұрғын үй жылуға толығымен қосылды.
«Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-нің № 6 бу қазандығы және 14 автономды блокты модульді қазандықтар жұмыс істеп тұр. «Өңтүстік қазандық» филиалында 2 қазандық, «Қазалы-Теміржолжылу» филиалында 2 қазандық жұмыс істеуде.
«КазТрансГаз Аймақ» АҚ келісім шарт негізінде газ отыны үздіксіз берілуде. Бұдан бөлек 10 күндік авариялық қоры 4,6 мың тонна мазут жасақталған.
«Әлеуметтік желілер арқылы Қызылорда қаласындағы шағын мөлтек аудандар тұрғындары тарапынан әлі күнге дейін жылудың дұрыс берілмеуі, қысымның аз болуы жөнінде арыз шағымдар көп түсуде. Осыған қарамастан жылу үшін коммуналдық төлемді 10 қазаннан бастап есептейтіндіктерін айтып, наразылықтарын білдіруде. Осы бағытта нақты шаралар қабылдаңыздар», - деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Сонымен қатар, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдіктері, бюджеттік бағдарлама әкімшілері мен коммуналдық кәсіпорын басшыларына 2020-2021 жылдардағы жылу беру маусымының тұрақты өтуін, отын қоймаларына қажетті көмір көлемінің тұрақты жеткізілуін қатаң тапсырды.