Жалағаштық Толғанай Жұмабекқызы да өз жобасын қолға алып, кәсібін дөңгелетіп отырған жандардың қатарында. Мемлекеттік бағдарлама бойынша ол 10 миллион теңге несие алып, ісін ілгері бастырып отыр.
Жас кәсіпкер Жалағаш ауданына қарасты Ақсу ауылынан мал бордақылау алаңы мен жылыжай кешені құрылысын бастап кеткен. Қазірдің өзінде ол Ақсу ауылының тұрғындарын жұмыспен қамтып, көмек көрсетуде. Енді мал бордақылау алаңы салынып бітсе, оған 140 бас мал әкелінетінін, ал, жылыжай болса тұтынушыларды таза, табиғи өніммен қамтамасыз ететінін айтты кәсіпкер. Сонымен қатар көкөністер мен ет өнімдері ауыл мен бірге ауданға қарасты басқа да елді мекендерді қамтамасыз ететін болады. Әлемдік стандартқа сай келетін құрылыс нысаны Ақсуда ашылған алғашқы жылыжай. Құрылыс нысанының жалпы құны 40 миллион теңгені құраған. Бұған дейін мұндай маңызды жобаны ешкім қолға алмаған. Кәсіп иесінің жоспары іс жүзінде жүзеге асса ауылдағы жастардың жұмыссыздық мәселесі біршама шешіледі деген сенімде ол.
"Мен осы іс арқылы ауылға пайдамды тигізгім келеді. Мақсатым да халыққа экологиялық таза өнім ұсынып, жергілікті тұрғындарды қолымнан келгенше жұмыспен қамту. Бәсекеге қабілеттілік тек жеңістерге жетелейтінін білемін. Мемлекеттік бағдарлама негізінде ұсынған жобам қаржылай қолдау тауып, жеке кәсіпке жол ашылды. Қазіргі таңда кәсіппен айналысамын деген азаматтарға барлық жағдай бар. Дамыған елдер қатарына қосыламыз десек, шағын және орта бизнестің дамуына үлес қосуымыз керек" – дейді Толғанай.