Тұрсынбек Қабатов «Хабар» Агенттігі» АҚ креативті продюсері қызметіне кірісті
Белгілі өнер иесі Тұрсынбек Қабатов бүгіннен бастап «Хабар» Агенттігі» АҚ-ның креативті продюсері ретінде қызметке кірісті.
Бұл жөнінде «Хабар» Агенттігі» АҚ басшысы Берік Уәли әлеуметтік парақшасында жазды.
«Бойындағы таланты мен тынымсыз еңбегінің арқасында халықтың ықыласына бөленген Тұрсынбек Аманғалиұлы қолға алған кез-келген жоба табысты болып жатады. Ол әдемі қалжыңы арқылы қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғап, әрдайым көпшіліктің көкейіндегі айтып жүретіні белгілі. Оның ішінде отандық телеарналардағы «Әзіл әлемі», «Көңілді тапқырлар алаңы» сияқты жобалары көрермен тарапынан үлкен сұранысқа ие», - деді ол.
«Хабар» арнасындағы Тұрсынбек Қабатов жүргізген «Жұп-жұбымен», «Cover show» сияқты жобалар да жоғары нәтиже көрсетіп, Агенттік үшін табысты хабарлардың біріне айналды.
«Тұрсынбек Аманғалиұлы жаңа қызметінде көрерменнің көзайымына айналатын тың, қызықты жобаларды әзірлеумен және үйлестірумен айналысады», - деп толықтырды Б.Уәли.