Ассамблея жылы аясында Жаңақорған аудандық білім бөлімінің ұйытқы болуымен «Қазақстан–біздің ортақ үйіміз» атты шығармашыл шәкірттер арасында сурет салу сайысы өтті.
Кентішілік білім ошақтарынан келген қылқалам шеберлері өз ойларын қағаз бетіне түсірді. «Балалармен мәдени-тәрбие орталығында» өткен сайысқа Әлшекей атындағы өнер мектебінің директоры Қ.Қошқарбай бастаған әділқазылар төрелік етті. Салынған суреттерден байқағанымыздай балалардың басым көпшілігі шаңырақ бейнесін өздерінің туындысына басты бейне етіп алған. Қылқалам шеберлерінің арасынан кімнің оза шапқаны, бүгінгі аудандық мәдениет үйінде өтетін «Қазақстан Халқы Ассамблеясы» жылының ресми салтанатты ашылу рәсіміне арналған шарада белгілі болып, жеңімпаздар марапатталады.