Қазақстандық мәдениетті шетелде насихаттау қажет - Б.Сапарбаев
Қазақстан мәдениетін демеушілерді тарта отырып, әлем сахналарында насихаттау қажет, деп баса айтты бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында. Бұл жайында www.primeminister.kz мәлім етті.
«Қазақстанның мәдениетін шет елдерде насихаттауды демеушілердің есебінен іске асыру қажет. Мысалға, қазақстандық меценат өз қаражатына жеке тапсырысы бойынша «Шәкәрім» симфониясын жаздырып, оның тұсаукесері Лондонда өтті. Осындай фактілер баршылық», - деді Б.Сапарбаев.
Репертуарлық саясат туралы айта келе, Б. Сапарбаев республикалық бюджеттен отандық фильмді өндіру үшін 2014 жылы 4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінгенін атап өтті. Алайда, отандық фильмдер, оның айтуынша, бәсекеге қабілетті болмай отыр.
«Анимациялық фильмдерді шығаруда да проблемалар бар. Жаңа шығармалар жазу үшін «Тәуелсіздік толғауы» конкурсы аясында бюджеттен 45-50 млн теңге бөлінеді. Алайда, сол конкурстан жеңіп шыққан шығармаларды сахналардан көрмейміз, не естімейміз», - деп атап өтті вице-премьер.
Б.Сапарбаев театрлар мен киноиндустрия репертуарларын қазақстандық шығармалармен жаңарту үшін отандық авторларды қолдау бойынша жұмысты жандандыру қажетігін атап өтті.