Домбыраның қыр-сырына қанығып,бүгінгі ұрпақ бойына сіңіріп жүрген жанның бірі – Олжас Жүнісбаев өнерлі өрендер шоғырын қалыптастырып, дарынды жастардың шығармашылығын шыңдап келеді.
Оны өзінің рухани серігіне айналдырған. Жанашыр жан ұлттық аспапқа қызыққан бір өрен болса да, соған үйретуді жаны қалайды. Себебі, әрбір өрен киелі дүниенің қасиетін ұғынып, қадірін түсіну керек деп санайды. Кішкентайынан музыкаға, домбыраның қоңыр үніне деген ынтызарлық оны осы өнерге алып келді.
– Ұрпақтан-ұрпаққа мирас болған киелі аспап – әрбір қазақ үшін ерекше бағалы болуы тиіс. Мен үшін де солай. Ол – салт-дәстүріміздің айнасы, ұлтымыздың бейнесі. Кішкентайымнан өнерге жақын болдым. Үйде домбыра ілулі тұратын. Ағам, інім және мен үшеуміз бір-бірімізге оны тартуды үйрететінбіз. Содан кейін ауылдық мәдениет үйіндегі домбыра үйірмесіне бардым. Онда Қалдыгүл Жұмаділдаева деген әуез мұғалімінен үйренгенім көп. Мектепті бітіргеннен кейін, Қазанғап атындағы музыкалық колледжде білім алдым. Онда ұстазым Нұраддин Ахметов деген кісіден алған тәлімім аз емес, – дейді ол.
Бүгінде Олжас облыстық филармонияның оркестрінде қызмет жасайды. Сонымен қатар, шәкірт тәрбиелеп, домбырадан сабақ беріп жүр. 2004 жылы Сырдария ауданы, Амангелді ауылынан әуез мектебі ашылды. Сол уақыттан бастап бүгінге дейін аталмыш ауылда балаларға домбырадан сабақ береді. Әуез мектебінде жұмыс жасағанына 5 жыл уақыт болса да, бірқатар биіктен көрінді. Сондай-ақ, осы ауылдағы «Дала үні» ансамблінің жетекшісі. Олжас ансамбльдің өнер айдынында жетістікке жетуіне аянбай тер төгіп келеді. Соның негізінде Халықаралық «Біз бақытты баламыз» атты байқауда жоғары деңгейде өнер көрсеткені үшін «Дала үні» ансамблі марапатталды
Ал, «Ұстаздан шәкірт озар» демекші ол баулыған талантты өрендер ерекше орындаушылық шеберлігі үшін аймақтық байқауларда үздіктер қатарынан көрінуде.
– Балаларды нота сауаттылығы арқылы үйретеміз. Бастысы, олардың қызығушылығы жоғары екені қуантады. Бүгінде шәкірттерім Қазанғап, Құрманғазы, Дәулеткерей және Қаршыға Ахмедияровтың күйлерін үйреніп, орындап жүр. Жалпы, киелі өнерді жанына серік еткен жан ешқашан елеусіз қалмайды ғой. Соның әсерінен шығар есейген соң домбырадан дәріс беріп жүргенім. Үнімен-ақ сыр шертіп, айтқысы келгенін екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұрап жеткізетін, тыңдаған құлақтың құрышын қандыратын, киелі аспап мен үшін қашан да қадірлі. Жалпы, қазақты домбырасыз елестете алмаймын. Шаңырағымның төрінде дауысы күмбірлеген домбырам ілініп тұр, – дейді Олжас Жүнісбаев.
Бүгінгі күннің бейнесі, қос ішектің қасиетін ұғынып, мәнісін түсіне бермейтін жеткіншектер өсіп келеді. Ал, домбыра ұлтымызды бір мақсатқа біріктіріп, рухымызды көтеруге септігін тигізеді.