Жақында Мақпал Жүнісованың қызы анасын тыңдармандарынан қызғанып, инстапарақшасын жойып тастаған болатын. Бір жылға жуық уақыт әлеуметтік әлемнің инстаграм ауылына тұрақтаған әнші , қызының бұл қылығына қиналмағанын айтты. Оған қоса өзі де ғаламтор мен әлеуметтік желілерге аса қызығушылық танытпайтынын жеткізді.
Қазақ ән өнерінің сандуғашы Мақпал ханым «Қазақтың ерке қызымын» деп әндеткенімен, отбасында қатал ана екенін жасырмайды. Алтыншыны аяқтаған аяулы қызы Мерейдің тентектік жасауына жол бермеймін, «тәртібім қатты!» дейді әнші..
Мерей Заманбекқызының алға қойған мақсаттарының бірі — ағылшын тілін жетік меңгеру екен. Шетел тілін тез үйрену үшін ол осы жазда Америкаға барғалы отыр. Әрине жалғыз емес, анасы ол жақта да «әрбір басқан қадамын бақылап отырамын» дейді. Инстапарақшасынан айырылған Мақпал Жүнісова, қызының әлеуметтік әлемді шарлауына кедергі келтірмейді. Бірақ, бұл жағдайда да қалыптасқан қағида біреу! Анасының бақылауы.
«Баланы жастан» дейді дана халқымыз. Балаға қаталдық танытқанмен, бір сәт мейірімге бөлеуді де ұмытпағайсыздар!