Бүгін КСРО халық әртісі, ҚР халық қаһарманы Роза Бағланованың туған жері Қазалы ауданында әншінің ескерткіш-бюсті ашылды. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев және ақын, драматург Исраил Сапарбай, Қазақстанның халық әртісі Ескендір Хасанғалиев сияқты өнердегі бір топ ізбасарлары мен әншінің ұлы мен келіні қатысты.
Ел басына күн туған кешегі соғыс жылдары өлім мен өмірдің арасында жүріп, ұлттар достығының дәнекері ретінде әр халықтың әндерін орындаған қазақтың қаһарман қызы Роза Бағланованың есімі ел есінен ешқашан ұмытылмақ емес. Осындай өнерімен қазақ елін әлемге танытқан талант иесіне арнап «Жеңіс» саябағында салынған Роза Бағланова атындағы 300 орындық мәдениет Үйінің алдына Қазақстанда алғаш рет әншінің ескерткіш-бюсті қойылды. Ашылу салтанатында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев құттықтау сөз сөйледі.
- Көзінің тірісінде-ақ аты аңызға айналған аяулы әншіміз Бағланова Роза Тәжібайқызы халқымыздың маңдайына біткен жарық жұлдызы болатын. Ол сахнада аса сирек кездесетін дауысымен қазақ жұртына ғана емес, бүкіл әлемге танылды. Роза апамыз өмірі мен өнердегі ғұмырында артына өшпейтін із қалдырды. Өлмес әнін, қалықтаған әуенін ұрпағына мұра етті. Бүгінде Роза апамыздың осындай өшпес еңбегі туған халқымен лайықты еленіп, әнші атына ескерткіш-бюст орнатылып отыр, - деді облыс әкімі.
Ұрпағы Тәжен Бағланов та анасы жайлы естеліктер айтып, жерлестеріне көрсетіп жатқан құрметтері үшін алғысын жеткізді.
Роза Бағланова мүсінінің авторы – Қазақстан Республикасының халық мүсіншісі, өнер қайраткері Әбішев Бакытжан Әлімбайұлы. Биіктігі – 1м 42 см, тұғырының биіктігі – 2м, ені – 97 см болатын бюст қоладан құйылып, тұғыры мрамормен қапталған.
Айта кетейік, бұған дейін Әйтеке би кентіндегі орталық көшеге және мәдениет орталығына Роза Бағланованың есімі берілген болатын. Дана халқымыз «Өлі риза болмай тірі байымас» деген. Салтанатты шарадан соң Роза апамыздың рухына арнап ас берілді.