Астана күні қарсаңында Арал ауданы Қамыстыбас елді мекенінде 150 орындық Мәдениет үйі ел игілігіне пайдалануға берілді. Ауыл халқына рухани нәр беретін екі қабатты Мәдениет үйі кітапхана, би залы, 150 орындық акт залы, грим жасайтын бөлме, үйірме бөлмелері және киноқондырғы, музыкалық аспаптармен жабдықталған. Енді жаңа мәдени ошақ жастардың бос уақытын тиімді өткізулеріне себеп болмақ.
Ауыл тұрғыны Жанар Ұзақбаева:
- Астана күні мерекесі қарсаңында ашылған ауылдық клуб біз үшін үлкен сый болып отыр. Бұрын мәдениет ошағы болғанымен, дәл осындай заманауи үлгіде болған жоқ. Сол үшін қуаныштымыз, - деді.
Ауылдық клубтың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов қатысып, ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасты. Мәдени шара барысында сөз алған облыс әкімінің орынбасары елімізде халықтың әл-ауқатын көтеру үшін жасалынып жатқан жұмыстарға тоқтала келіп, жаңа мәдени орындардың ұлттық өнеріміздің дамуына серпін беретініне сенімін білдірді. Мұнан соң, игілікті іске жиылғандар Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың бала» фильмін тамашалады.