«Қорқыт ата ескерткіш кешені» Қармақшы ауданына ғана емес, күллі түркі халықтарына ортақ тарихи және мәдени, рухани құндылықтар қатарында саналатын нысан, Сыр бойындағы сәулет өнері ескерткіштерінің әрі киелі орындардың бірі.
Өткен жылы Қорқыт Ата кешенін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Кешенде алдағы уақытта түркі тілдес халықтардың халықаралық іс-шараларын өткізу, кешенді «ЭКСПО-2017» көрмесі мен «ЮНЕСКО-ның» Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұралар тізіміне енгізу жоспарланып отыр. Жалпы, қайта жаңғыртылғанға дейін де кешен басына Қазақстанның түпкір-түпкірінен, тіпті алыс-жақын мемлекеттерден зиярат етіп келушілер қатары аз болмаған. Қазіргі таңда зиярат етушілер одан да көбейіп отырғандығын атап өтуге болады. Мысалы, бұрындары күніне орта есеппен 30-40 адам келсе, қазір күнделікті келушілер саны біржарым-екі есеге жуық өскен. Сондай-ақ, Сыр бойына, іргеміздегі Байқоңыр ғарыш айлағына келген қонақтар мен ресми азаматтар да Қорқыт ата ескерткіш кешеніне соқпай кетпейді десек, артық айтпағанымыз болар. Бұл, бір жағынан, кешеннің жанынан өтетін халықаралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының пайдалануға берілуімен қоса кешеннің туризм кластеріне енгізілуімен, кешен жанынан жаңадан көп функционалды «Зиярат ету ортағынының» пайдалануға берілуімен де байланысты деп есептеуге негіз бар.