1-наурыз «Алғыс айту» күніне орай бүгін Қазалы қаласында мерекелік салтанатты кеш өтті. Мерекелік салтанат халықтардың ұлттық билерімен басталды.
Бүгінде Қазалы ауданында орыс, кәріс, неміс, татар, өзбек, украин, қырғыз, молдаван, башқұрт, түрікмен, грек, беларус, поляк сынды 13 түрлі ұлттардан барлығы 533 адам тату-тәтті өмір сүруде.
Қала халқын айтулы мерекемен құттықтаған аудан әкімі Нажмадин Шамұратов мерекенің маңыздылығына тоқталды: «Алғыс айту күні – бұл, тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзым белгісі». Сонымен қатар, ауданымыздың өсіп-өркендеуі жолында әрбір қазалылықтың үлесі бар екендігін жеткізіп, барша тұрғындарға мың алғыс білдірді.
Шара барысында Қазалыны мекен еткен ұлт өкілдері қазақ халқына деген шынайы ықыластарын білдіріп, рахмет айтты. Мереке концерттік бағдарламаға ұласты.