Бүгінде Қызылорда қаласы 200 жылдық мерейтойын лайықты деңгейде атап өтіп жатыр. Қос ғасыр шежіресі тасқа басылған қаланың өмірінде өз орнын еншілеген Н.Бекежанов атындағы театр жергілікті көрермен қауымның рухани ордасына айналған.
Н. Бекежанов атындағы – кәсіпқой сахналық мекеме. 1955 жылы Еңбекшіқазақ (Алматы облысы) және Қаратал аудандары (бұрынғы Талдықорған облысы) жергілікті театры негізінде ұйымдастырылған. Театр шымылдығы Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясымен ашылды. 1960 жылы театр Қызылорда қаласына көшіріліп, 1970 ж. Н. Бекежанов есімі берілді. 1997 жылдан Н. Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ музыка драма театры болып өзгертілді. Театрдың ірге көтеріп қалыптасуына актерлер: Б.Балғынбаев, Ш.Мәденов, Х.Саурықов, Ш.Бәкірова, К.Көпбаева Қ.Көпбаев, С.Рақышев, Т.Айнақұлов Р.Тәшібаева, А.Манасбаева, Ж.Бағысова, Ә.Кәнетов, С.Шотықов, т.б. көп үлес қосты. Тұңғыш режиссері Ж. Әбілтаев (Қазақстанның еңб. сің. арт.) болды. Театрдың бас режиссерлері болып әр жылдары: Мен Дон Ук, Андриасян Р. С., М. Байсеркенұлы, Оразымбетов Е. С. (Қазақстанның еңб. сің. мәдениет қайраткерлері), Әмір-Темір Хүсейін (Қазақстанның еңб. сің. мәдениет қайраткері) және Т. Өтебаев, суретшілері болып Ә. Әбдірахманов, Ж. Әбіров, С. Пірмаханов [(Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері (1967)], т.б. қызмет істеген. Театр ұжымы М. Әуезов пен Л. С. Соболевтің «Абай», М. Әуезовтің «Қаракөз», «Қара қыпшақ Қобыланды», Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», Қ. Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында», «Жат елде», Т. Ахтановтың «Махаббат мұңы», «Әке мен бала», С. Жүнісовтің «Тұтқындар», «Қызым саған айтам», О. Бодықовтың «Нартай», Қ. Мұқашевтің «Парторг» пьесаларын, сондай-ақ У.Шекспирдің «Король Лир», Ф. Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат», К.Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметкер», Н. В. Гогольдің «Үйлену», Ш. Айтматовтың «Ана – Жер-Ана», М. Кәрімнің «Айгүл елінде», т.б. спектакльдерді сахнаға шығарды.
Театр балалар мен бүлдіршіндер үшін «Екі дос немесе делдал қарға», «Ақылды Ақшақар» ертегілерін және «Қандыөзек»(нашақор жайлы новелла) спектаклін сахналады. «Нартай бүлдіршіндері» атты қуыршақ театры жұмыс істейді. Шығармашылық жетістіктері үшін театр Бүкілодақтық венгр драматургиясы (1978), неміс драматургиясы (1980), КСРО халықтары драматургиясы (1982) фестивальдарының лауреаты болды.