Қазақстан халықтарының тілдері мерекесіне орай аудандық мәдениет орталығында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен жазба жас ақындар арасында «Ана тілің – арың бұл» атты аудандық мүшәйра болып өтті.
ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өткен мүшәйрада ауданымыздың мектептерінен 19 үміткер бағын сынады. Өскелең ұрпақтың өз ұлтына, еліне деген сүйіспеншіліктерін арттыру, жас ұрпаққа ана тіліміздің тұғырының мықты болуына, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, қолданылу аясын кеңейтуді мақсат еткен аталмыш шара екі кезеңде өткізілді.
Бірінші кезең бойынша қатысыушылар тіл туралы шығармаларын оқыса, екінші кезеңде еркін тақырыпта өз өлеңдерін жатқа оқыды. Осы ретте, қазылар алқасы жас дарындардың өнерін – көркем мәтінді оқу шеберлігіне, дауыс мәнеріне, тіл тазалығына, сахнада өзін-өзі ұстауына, сахналық киім сәніне, берілген уақытты дұрыс пайдалану ретіне қарай бағалады.
Мүшәйраның нәтижесінде І орынды №71 мектептің оқушысы Амангелдиева Ақкенже иемденсе, ІІ орындарды №19 мектептің оқушысы Жұмаханова Көркем мен №64 мектептің оқушысы Біләлова Ақнұр еншіледі. Ал, ІІІ орындарға №83 мектептің оқушысы Ақылжанова Шұғыла, №231 мектептің оқушысы Қуандық Кенжегүл және №13 мектептің оқушысы Байжанова Ұлболсын лайық деп танылды. Барлық мүшәйраға қатысушылар дипломдар мен алғысхаттармен марапатталып, жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар табыс етілді.