Facebook WhatsApp Instagram

Мәдениет

0

АБАЙ ҚҰНАНБАЕВ БЕСАРЫҚ АУЫЛЫНДА ТҰРАДЫ

 

Сырдария ауданы, Бесарық ауылында Абай Құнананбаев деген өрен тұрады. Қазір мектепте оқушы. Бұл жөнінде «Ақмешіт апталығы» газеті хабарлады.
Біздің дана халқымызда «Балаға қандай ат қойылса, оның болашақ тағдыры соған сәйкес болады» деген наным-сенім бар. Адам есімін келешек тағдырымен байланыстырады. Сондықтан жас нәресте дүниеге келген кезде ең сыйлы, ерекше құрмет тұтатын адамның немесе танымал кісілердің ныспысын қоюға тырысады. Ауылдағы Нұрғали ата да көзінің тірісінде немересінің есімі мен тегін атақты ақынға ұқсатып, ырымдап қоюды аманаттап кетеді. Осылайша сәбиге Абай деп есім берілді. Әкесі Құнанбайдың тегіне жазылды.
Бүгінде оқушы Абай өзінің атақты кісімен аты да, тегі де бір болғанын өзіне үлкен жауапкершілік деп түсінеді. Қазаққа ғана емес бүкіл әлемге танымал тұлғамен аты-жөні бірдей болғанын мақтан етеді.
– Абай Құнанбаев атамыз біздің халқымызға ерекше еңбек сіңірген. Оны үлкендер әрдайым айтып отырады. Аты-жөнім осындай дара тұлғамен аттас болғанына қуанамын. Ол ақынды ерекше жақсы көремін. Өлеңдерін жаттағанды ұнатамын. Қара сөздерін оқимын. Есімімді мақтан етемін. Кей кезде аты-жөнімді көпшілік қауым қызығушылықпен қайталап сұрап жатады.  Абай Құнанбаев сынды өлшеусіз еңбек жасай алмасам да, сол атақты ақтау үшін барымды саламын. Ең бастысы, туған жерге қызмет ету ғой! Келешекте елеміздің дамуына, көркеюіне үлес қосу басты мақсатым, – дейді жас Абай.
Ұлы ақынмен аттас бала бүгінде ауылдағы № 147 мектепте 10-сыныпта оқиды. Сабақта әркез белсенділік танытып отырады. Үлгерімі өте жақсы. Адамдармен тез тіл табысады.
– Адамның аты затына сай болу керек деген тәмсіл бекер айтылмаған ғой! Неғұрлым есімің асқақ болса, соншалықты биік белеске талпынады екенсің. Ұлымыздың да алға қойған мақсаты зор. Бәрін көріп-білсем деп, ынтығып отырады, – дейді Абайдың анасы Айтолқын.
Жақсы ниетпен танымал адамды үлгі етіп, балаға сол есімді қоя білсеңіз, ол да атына сай болу үшін алдыға арман қойып, мақсатқа қарай ұмтылары анық. Қазақ қоғамындағы тұғырлы тұлғаның есімін арқалаған біздің кейіпкер де осы есімге лайықты болу жолында күш-жігерін жұмсауда.

Айтолқын АЙТЖАНОВА.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: