Алғашқы астанамыз жайлы тың деректер қаладағы «Ақмешіт» музей филиалында тұнып тұр. Сарғайған ескі суреттерден өзге, «Сыр өңірі тарихы», «Алаштың Ақмешіті», «Қызылорда» сынды бірлескен авторлық ұжым еңбектерінде қос ғасырлық тарихы бар қаланың өткені мен бүгіні бүге-шүгесіне дейін тәпсірлеп жазылған.
Сол кезеңдерден сыр шертетін дүниелердің өзі тірі естеліктің көзіндей өте құнды.
1918 жылы Ташкентте Түркістан советтерінің төтенше съезі болып өтті. Онда РСФСР құрамында автономиялы Түркістан республикасының құрылғандығы жарияланды. Қазіргі Қызылорда облысы да сол автономияға кірген еді. Жас республиканың шекара аумағы өте үлкен еді. Жергілікті халықтың басым көпшілігі ел астанасынан шалғайда қалды. Оның үстіне Орынбор мен оған қарасты губерния халқының басым көпшілігі орыстар болатын. Сондықтан губерния комиссиясы Қазақстанды болашақ әкімшілік территориялық аудандастыру ісінің бірнеше нұсқасын ұсынды. Республиканың болашақ астанасы ретінде Ақтөбе, Ақмола, Шымкент, Әулиеата, Ақмешіт қалалары аталған еді. 1925 жылы өткен жұмысшы, шаруа және Қызыл армия депутаттарының ХІІ съезінің шешімінде республиканы ұлттық межелеу туралы мәселе көтерілді. Онда Орынбор қаласының шалғайлығына байланысты орталықты Сырдария облысының территориясына көшіру қажет деп көрсетілді. Қазақ АССР-нің астанасын Ақмешіт қаласына көшіру жөнінде шешім осылайша қабылданған еді. Сөйтіп, сол жылдың 15-19 сәуірде Қазақ ССР-нің жаңа орталығында Ақмешітте кеңестердің V Бүкілқырғыздық съезі болып өтті. Осы съезд қаулысымен Қазақстан астанасы Орынбордан Ақмешітке көшіру шешімі бекітілді. Осылайша біздің қаламыз 19 сәуірде алғашқы астана атанған еді. Ақмешіт филиалы музейінде осы аталған оқиғаларды айғақтайтын мұралар жетерлік. Мәселен, музей қабырғаларында астананың Ақмешітке көшіп келу құрметіне арналған митинг, аталмыш бүкілқырғыздық съезд кеңесі президиумының суреттері, оның сол кездегі баспа бетінде жарық көрген Жарлықтары ғасырға татырлық дәуірден көз болып қалғандай. Ал, біз әңгімелеп отырған жылдар жылнамасының барлығы бүгінгі өскелең ұрпаққа тек тарихтан ғана аян. Ойлап қарасақ, бұл шешімге де биыл 90 жылдан астам уақыт өтіпті.