Facebook WhatsApp Instagram

Мәдениет

0

ҚАЗАҚҚА ҚЫЗЫЛОРДА - ҚҰТ МЕКЕН


Елбасының «Сыр – Алаштың анасы» деген уәлі сөзі – бұл күнде бүкіл сырбойылық ағайынның ұраны. Сұлу өлкенің рухани, мәдени орталығы Қызылорда қаласы – бүгінде екі ғасырға жуық тарихын тасқа қашап, дамудың дара жолына түсіп, жылдан-жылға қарыштап дамып, сәні мен сәулеті, даңқы мен дәулеті асқан ғажап шаһарға айналды.
Туған қаланың әр уыс топырағы, әр түп жусаны ғибрат өнегенің сырын шертеді. Көне дәуірден атағы бүкіл дүние жүзіне жайылған Сыр өңірінің мәдениеті әлемдік тарихтың алтынмен жазылған тарауларына еніп, ұлт мәдениеті мен әдебиетінің де жаңа дәуірге қанат қағып, рухани жаңғыру белесіндегі алтын ошағына айналды. Мұндағы әрбір қаламгердің шығармашылығының бір ұшында Қызылорданың тәуекелді сәттермен тоғысқан тағдыры, берекелі істермен биіктеген тұғыры жатыр.
Сырдария төсіндегі әсем қаланың жүрегін ақындар жауқазын жырымен, ыстық сезімімен жылытып келеді. Өнер адамдары үшін туған қаланың әрбір мезгіл келбеті өлеңнің сиясы төгілген аяулы уақыт парағы іспеттес. Бас қаламыздың жыл сайын тойланатын меншікті күнінде ақындар жырдан шашу шашса, әншілер сызылтып салған әсем әуенмен сұлу қаланың шартарабын сазға бөлейді. Ал жазушылардың сан алуан шығармаларының шырайын кіргізген айшықты шаһардың әдемі келбеті бүгінде өрнекті өлең жолдарындай көз тартады. Ақындар туған қаланың гүлзармен көмкерілген әсем келбетін риясыз ақ жүрекпен, іңкәр тілекпен жырлап, мерейтойға жырдың қайнар бұлағынан шашу шашты.

***
Қазақ поэзиясының алыбы – Асқар Тоқмағамбетов өткен ғасырда-ақ астана атағын иемденген Қызылорданың тұлғасының ірілігін тілге тиек етіп, тебіреніп, терең жыр жазыпты.
Тигендей бір өзіне ән үлесі,
Тебіреніп тыңдай –тұғын жан иесі.
Дөңгеленіп күмбезді үйлер кетпеуші ме еді,
Шырқаса Қашаубайдың Әміресі.
Оның бәрін көрген, бәрін жиған,
Емес пе еді Қызылорда осы тұрған?
Ағасы, астанамыз Алматының,
Халықтың көз алдында ірі тұлғаң.
Сол тарих қойнауынан сыр шерткен жылдардан бері қыдыр қонған Қызылордаға арнап жыр тарту еткен ардалы ақындар мен сол керемет әуенді сазына келтіре орындап, халықтың құрметіне бөленіп, бағын жандырған жұлдызды өнерпаздар шоғыры толастаған емес.
Көзінің тамған кезде гүлге жасы,
Қосылып туған елдің бірге басы,
Қорқыт атам атымен осы жерде,
Сыр елінің қаланған іргетасы!
Бабамның арғымағы дүбірлескен,
Бұл жерде үш астанам ғұмыр кешкен,
Бірі – Жанкент – Оғыздың басы болған,
Жошының – Ақордадан тасы қонған,
Үшіншісі – Қызылордам – асыл ордам!
Келген елім бұл күнде кемеліне,
Асып-тасқан Сырымның кемері де,
Тегін бе, елге келіп Елбасымыз:
«Сыр – Алаштың анасы» дегені де!
Әлемге елім-жұртым шықты бекем,
Тәуелсіз осы күнді күтті ме екен,
Тереңнен тартқан сонау астанасын,
Қазаққа Қызылордам – құтты мекен!

Сұлу сөздің зергері ақын Шөмішбай Сариев Қызылорданың 190 жылдығына арнап жазған өлеңінде перзенттік жүректен жауһар жырдың мәйегін тамызып, көненің көзіндей бас шаһардың сән-салтанатын барынша әспеттеп осылайша жырлаған.
Кең тынысың жігерімді жаныған,
Сенің әнің – әр құлаққа қанық ән.
Өзіңде өскен ақ күріштің атасы,
Айдай әлем Жақаевты таныған.
Түсінгенге жомарт,жайсан жаның бар,
Елдік, ерлік дәстүр,таза арың бар.
Еңбек сүйгіш ұл-қыздарың дарынды,
Жүрегінде лапылдаған жалын бар.
Көкірегіңе құйып ырыс,құйып ән,
Жаңарында күннің нұры ұйыған.
Жүрегіңнің лүпілімен тыныстап,
Әуеніңнен күмбірлеген күй ұғам.
Бұл сыршыл өлең аяулы ақын ағамыз Сейіл Боранбаевтың жыр қоржынан алынған тұмса жырлар.
Ақын Анарбай Мырзахметовтың жүрегінен жарып шыққан жақұт жырлары перзенттік махаббатынан туған шынайы шумақтар екені даусыз.
Тәңірідей өзің табынғаным да,
Жапырағы жыр гүл қала.
Жетемін сені сағынғанымда,
Шарқ ұрып болып шағала.
Жадыратып тұр жанымды шуақ,
Бір елі көкке жақынмын.
Жыр-арнау жазсам бағымды сынап,
Назы деп түсін ақынның.
Тербеле бер өмір толқындарында,
Тілеулес барша түлегің.
Бөлене бер, келер таң құндағында,
Қызылордам–менің жүрегім.
Қалай десек те, жұлдызы жарқыраған Қызылорда қаласының қойнауы жыр, кеудесі күй, өңірі өлеңмен өрнектелген. Ақынның шалқар шабытын оятқан, сазгердің әлеміне сырлы сәуле құйған, күйшінің тылсым кеңістігін күмбірлеткен туған қаламыз екі ғасырдың куәсы болғалы тұр. Сырдың бас қаласының, алты алаштың байырғы астанасының сән-салтанатын айшықтап, абыройын асқақтататын өміршең әндер, жақұт жырлар перзенттік махаббатпен өмірге келе беретініне бек сенеміз. Себебі бүкіл шабыт Сыр-ананың сұлу толқындарынан тарайды.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: