СЫРДАРИЯ АУДАНЫНДА КӨНЕ БЕКІНІСТЕРДІҢ ОРНЫ ТАБЫЛДЫ
Ежелгі қаланың орны «Шіркейлі Қосасары» ескерткішінен үлкен және кіші екі бекіністің орны табылды. Бұл жөнінде Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дің баспасөз қызметі мәлім етті.
Бұл тарихи мекен Қызылорда облысының Сырдария ауданына қарасты Шіркейлі ауылынан 5,5 шақырым қашықтықта орын тепкен. Сондай-ақ осы жерден бірнеше бөлмеден тұратын үй-жайлар да анықталды. Олар саз кесектен тұрғызылған. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры, т.ғ.д., профессор Қ.А.Бисенов аталмыш жұмыстармен танысып, тарихи орынның маңыздылығына тоқталды.
Қазба жұмыстарының кезінде қолға түскен қыш ыдыстар ортағасырлық Жанкент, Сортөбе және Сауран қалашықтарының ІХ-ХІІ ғасырлардағы керамикаларымен сәйкес келетінін көрсетті. Мұнда бір кездері қайнаған тіршілік болғанын 20 шақты азық сақтайтын қойма айғақтайды. Бұл жерден көмір де шықты. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Әзілхан Тәжекеев сол көмірді Мәскеудегі арнайы лабораториядан өткізіп, топшыланған мерзімді одан әрі нақтылай түсуге болатынын айтты.
«Шіркейлі Қос-асары» ескерткішінен екі бекіністің орны табылды Оғыз мемлекеті өмір сүрген кезеңмен сәйкес келетін жерден ошақтың орны белгілі болды. Оны тазалау барысында қасқыр тісі мен қой сүйегінен жасалған тұмар мен ғұрыптық мақсатта қолданатын бүтін қыш ыдыс табылды. Ғалымдар сол деректерге қарап, бөлме емшіге не болмаса балгерге арналғанын болжап отыр.
Осы археологиялық қазба жұмыстарына Қорқыт Ата университетінің ғалымдарымен қатар, Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтынан және Мәскеудегі Шығыс халықтарының өнері мемлекеттік музейінің ғалымы Сергей Борисович Болелов те қатысуда. Бұл салада мол тәжірибесі бар ресейлік ғалым бұл орынды Қазақстандағы құнды деректер көп табылған ескерткіш ретінде қабылдайды. «Шіркейлі Қос-асары» ескерткішінен екі бекіністің орны табылды
Биіктігі 10 метрге дейінгі үлкен үйдің қазба жұмыстарының құрылысы 6-кезеңге жетіп отыр. Зерттеу әрі қарай келер жылы жалғасады. Бұл зерттеуді жоба аясында ҚР Білім және ғылым министрлігі қаржыландырып отырғанын айта кеткен жөн.
Орталық жетекшісі Ә.Тәжекеев ені 500 метр, ұзындығы бір шақырым аумақты алып жатқан ескерткішті қорғау аймағын анықтау және қоршау қажеттілігін атап өтті. Университет ректоры жергілікті атқарушы органға бұл туралы арнайы ұсыныс жасалу керектігін айтты.
Айта кетерлігі, осы мекенде тіршілік еткен адамдардың бейітін табу қиын. Себебі бұл орын күріштік алқапқа тым жақын орналасқан.
«Шіркейлі Қос-асары» ескерткіші Қызылорда қаласына да, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізіне де алыс емес. Сондықтан алдағы уақытта ежелгі қаланың орнын туристік нысанға айналдыруға болады.