Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай «Сән мен сахна» халықаралық фестивалі аймақтық жас сәнгерлер арасында «Күнекей қыз» номинациясы бойынша байқау өткізді. Жобаның авторы, жерлесіміз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, этнолог – Ханым Айдашқызы.
Бұл байқауда жас дизайнерлер сахна стилі мен ұлттық нақышты үйлестірген. Себебі, аталған шараның басты мақсаты – ұлттық мәдениетті ескере отырып, жаңа сахналық стиль қалыптастыру, көрермен талқысына ұсыну. Бұл жас сәнгерлерге қолдау көрсету, отандық, тіпті шетелдік нарыққа дайындаудың бір жолы екені де белгілі. Айта кету керек, «Сән мен сахна» халықаралық фестивалінің онжылдық тәжірибесі, сән әлеміндегі орны бар. Осы кезге дейін ұлттық сән индустриясында 50-ден аса маман даярланған.
Байқауда көрермендер сырбойылық «Зере», «Ажар», «Қолөнер», «Ләззат Рамазанова» сынды сән үйлерінің топтамасын тамашалады. Ал дизайнерлердің туындысын ҚР халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, «Models producthіon» компаниясының директоры Ирина Байжанова және Ханым Айдашқызы бағалады. Сондай-ақ, фестивальда Өзбекстаннан, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарынан арнайы келген сәнгерлердің сән топтамалары көрсетілді.
Бұл байқауға арулар классикалық және кешкі көйлектер коллекциясын жаңа стильде дайындаған. Байқағанымыз, сән үйлері ұлттық нақышқа ерекше мән берген, себебі қазір ұлттық киім трендте. Байқау қорытындысы бойынша да этникалық стильді кеңсе киімдерімен шебер үйлестірген «Қолөнер» сән үйі жеңімпаз атанды.