Facebook WhatsApp Instagram

Мәдениет

0

ӨРЕЛІ ӨНЕР ӨРНЕГІ


Облыстық филармонияның кезекті 46 маусымы салтанатты түрде ашылып, өнерсүйер көрерменмен қайта қауышты. Жыл сайын өтетін мерекелік кеш бұл жолы ерекше өтті. Камералық оркестрдің концертімен бастау алған шара алты алашқа ана болған Сыр елінің бас қаласы – Қызылорданың 200 жылдығы мерекесі құрметіне арналды.
«Құрмет» ордені және «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері Кеулімжай Ботабаевтың дирижерлігімен өткен концертте шетел және қазақстандық композиторлардың үздік туындылары нақшына келтіре ойналды. Моцарт, А.Вивальди, Дж.Ласт, Дж.Пуччинидің үздік шығармаларын жұртшылық ерекше ықыласпен тыңдады. Ал, халықаралық байқаулардың лауреаты Мақсат Мақұлбеков «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін орындап, тұтас залды Абай әуенімен бөлей түсті. Классикалық ән жанрында ән орындап жүрген Сымбат Тасбергенова белгілі композитор Л.Хамидидің «Қазақ вальсін» тыңдарман қауымның жүрегіне жеткізе білді. Сондай-ақ, концертте А.Исмаилов, Р.Балмасов, Б.Шауменов, А.Жаналиева сынды оркестр әртістері өз шеберліктерін паш етті. – Бүгінгі концерттің басты мақсаты – көрерменге отандық және шетел туындыларын ұсыну, таныстыру. Облыстық филармонияның маусымашар науқанын шайыр Тұрмағамбет Ізтілеуов атындағы халық аспаптары оркестрінің «Туған жерге тағзым» атты концерті жалғастырады. Ол Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында Қызылорда қаласының 200 жылдығына арналып отыр. Оркестрге Сыр елінің тумасы, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, Батыс Қазақстан облысының Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің дирижеры Еркін Нұрымбетов жетекшілік етеді деп жоспарлануда. Ал, биылғы маусымашар науқанын 19 қазан күні өтетін эстрадалық орындаушылардың «Сағындырған әндер-ай» циклы бойынша ретро концерті аяқтайды, – дейді облыстық филармония директорының орынбасары Азиза Іздіқұлова. Айта кетейік, облыстық филармонияда бүгінде 7 өнер ұжымымен қатар, эстрадалық орындаушылар және жыршы-термешілер елге қызмет көрсетеді. Ал, облыс әкімінің тікелей қолдауымен 2014 жылы құрылған оркестр құрамы былтыр кәсіби мамандармен толықты. Ақтау қаласынан арнайы шақыртылған белгілі скрипкашы А.Жаңбырбаева, А.Жаналиева есімді өнерпаздар шығармашылық ұжыммен бірге қазір талай сахналарда өнер көрсетіп жүр. Осындай тынымсыз еңбек пен ізденістің арқасында оркестр Алматы қаласында өткен "Әуен fest" атты республикалық фестивальден жүлделі оралды. – Мен маусымашардағы камералық оркестрдің концертіне былтыр да қатысқанмын. Биыл да арнайы келдім. Бұрын онша көңіл аудара бермеуші едім. Сөйтсем, оркестр өнерін тамашалау – нағыз рухани демалыс екен. Тірі музыка даңғаза әуенге қарағанда ерекше әсер ететінін аңғардым. Бір байқағаным, біздің өңірде де аталмыш өнер жанрына қызығушылық танытатындар қатары толығып келеді екен. Ұйып тыңдап, қошемет білдіріп жатқан көрерменді көріп, қуанып қалдым. Демек, камералық оркестр бізде өз аудиториясын қалыптастырып келе жатыр деген сөз, – дейді Гауһар Сәдуақасова есімді тыңдарман.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: