Сыр елі қашаннан ақын-жыршылардан кенде болмаған. «Сыр сүлейлері» деген сөз тіркесінің қалыптасуына тікелей осы өнердің әсері бар. Ескі қазақы түсінікте «сүлей» «су иесі» деген мағынаға келеді. Біз айтып отырған теңеу, «сүлей» сөзін «жыр иесі» деген түсінікпен қабылдағанымыз жөн секілді. Мәселе атауда емес, қандай мағына берсе де сөздік қорымыздан мықтап орын алған қастерлі сөз Сырдың бойындағы жұртшылыққа ғана тән екені жасырын емес. Сан ғасырлардан бермен қарай өрелі де текті өнерді өрге сүйреп, дәрмені жеткен жеріне дейін өрістетіп келген өнерпаздар тізімін санамалауға біршама уақыт қажет болады.
Расында адам баласы алдыңғы толқынға қарап өседі. Жеті атасынан жыраулық дәстүр үзілмей, осы дәуірге жетіп, мұрат өнерді замана талабына сай дамытып келе жатқан әулеттер де бар. Кешегі уақыттарда Сырдың сырлы өнерінің басында тұрған Жөнелдік әулеті және Дүзбенбет әулеті еді. Жөнелдіктен Ешнияз, Ешнияздан Жүсіп, Жүсіптен Мұзарап пен Мүсілім (ұрпақ жоқ), Мұзараптан Сабыт, Сабыттан кейін шынжыр қатар келе жатқан із үзіліп тұр. Алдағы уақыттарда ізден біреу шығар деген, төреші уақыттан үмітіміз де жоқ емес. Дүзбенбет тұқымы қанындағы саф өнердің үзігін жалғап келеді, құдайға шүкір айтамыз. Текті өнер деуіміздің де мәні осы жерде, қанмен берілетіндігінде жатыр. Таңғы жұпар ауаны тоймай жұтып, көкжиекке көз салған әрбір пенде мына жалғанның соншалықты қиюласа құралғанына тамсана қарайтыны жасырын емес. Әрине, ақылдың көзімен қарай алса. Сол секілді жыраулық өнердің де көкжиегі тым ауқымды әрі жетелі жанның зеренін толтырар әсер етуші жақтары да бар. «Әр адам жыр тыңдайды сана болса, санасыз жыртыңдайды балаларша» деген тәмсіл бекер айтылмаған. Жырдың нәрімен сусындап, жүрегінен өткізе алған кез келген ақыл иесі парасатқа иек артатыны да сондықтан. Ұлттық руханияттың сұрқы қашып, сұлбасы қалған заманда жанкештілікпен өрелі өнерді мұрат тұтып, түпкі міндеттен басын алып қашпай, жырдың жолына құрбан болуға даяр азаматтар да бар.
Дүзбенбет тұқымына тиісті жыраулықтың жалауын желбіретіп келе жатқан Алашқа әйгілі Жиенбай жыраудың шөбересі, Рүстембектің немересі, күміс көмей Көшенейдің бел баласы Арнұр туралы аз жазылып жүрген жоқ. Әкесі жарық дүниемен қоштасқанда небәрі он айлық шақалақ ес біліп етек жиғаннан бастап ата мұраға адалдықпен қызмет етіп келеді. Қармақшы ауданы, Ақжар ауылындағы №28 мектептен онжылдықты бітіргеннен кейін Алматыдағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның «Халық әні» кафедрасына Сыр бойы мақам-саздары бойынша оқуға түсіп, екінші курсында денсаулығына байланысты Қызылордадағы Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің белгілі жырау, ҚР еңбегі сіңген қайраткері А.Алматов басқаратын «Халық әні» кафедрасына ауысып, осы іргелі оқу орнын 1995 жылы бітіріп шықты. Арнайы мамандық алып шыққалы аймағымыздың мәдениет саласынан қол үзбей, осы саланың өркендеуіне өз үлесін қосып отырған орны айрықша өнерпаз. Руханиятқа жасаған еңбегі ескерусіз қалмай, осы жылы ҚР мәдениет министрінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Елімізге белгілі қаншама жас жырауларға ұстаздық етіп, Қармақшы ауданындағы К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйінің ашылуына себепші болып, осы мекеменің аяғына тұрып кетуіне үлкен еңбек жасап, алты жыл басшылық жасады. Арнұр – сол кездегі Қармақшы ауданын басқарған өнер жанашыры Нұртаев Рзақұл ағамыздың қолдауымен облысымыздағы «Жыраулар үйі» деген ұғымды қалыптастырушы тұлға. Себебі, бұл Қазақстандағы жалғыз мәдениет ошағы еді. Одан кейінгі жылдарда облыстық филармонияның директоры болып та қызмет етті.
2006 жылы Көшеней Рүстембектің мұрасы жинақталған «Жұлдыз боп аққан жыр ғұмыр» атты кітап, 2016 жылы жыраудың жеке үнтаспасын жарыққа шығарды. Тұрмағамбет Ізтілеуовтің 125 жылдығына арналған республикалық жыршы-жыраулар байқауында бас жүлде – «Джип» автокөлігін иеленді. Алматы қаласында жыршы-жыраулардың «Сыр керуені» атты фестивалін, «Ақмешіттен – Астанаға» аталатын жыраулық фестивалін ұйымдастырды. Арнұрдың еңбегі мен атақтары мұнан да көп, әрине. Бірақ, біз оның бәрін тізбелеуді мақсат тұтып отырған жоқпыз.
Қазіргі уақытта Арнұр Қармақшы аудандық мәдениет үйінің директоры болып қызмет атқаруда. Жалын атқан жастық шағымызды, талай-талай қызығы мен қиындығы мол өмір белестерінен бірге өтіп келеміз. Екеуміз бір жылдың төліміз, жыр мұраның ізінде келе жатқан ақсақал, қарасақалдардан етенелеу қылатын да сол құрдастық. Осы көңіл достыққа бастап, он жеті жасымыздан бірге келеміз. Өзім дегенге өзегін жұлып беруге әзір тұратын қасиеті, өзгеден өзгешелеу етіп тұратыны да сол бабадан дарыған киелі тұрпат болуы мүмкін. Арнұрды атадан қалған мақам-саздарды нәшіне келтіріп орындауы басқадан ерекшелеп тұрады. Иірімдерді беруі, мақамның мәнін келтіретін «а», «ң» дыбыстарының үстінде ырғақты ойнауы осы тұқымға ғана тән ерекшелік екенін, жырдан хабары бар кез келген адам білетін шындық. Көмейден шығатын құмығыңқы қоңыр үн тыңдағанның құлақ құрышын қандыруында да үлкен мән жатыр. Неге? Себебі, діни аңыздарда адамнан бұрын үн пайда болғаны жайлы және ол осы қоңыр үн екені айтылады. Сондықтан кез келген әуен, яғни, музыка адамды ғарыштық байланысқа шығарады. Батыстың даңғаза музыкасы адам бойындағы байланыс сезімін жартылай, яки, белге дейін ғана көтереді. Олардың жұлқына билеп, сондай кездерде өзін ұмыта жұлынып жататыны сондықтан. Ал, қазақтың күйі немесе жыры сол сезімді бас-аяғы бес минуттың ішінде биік дәрежеге көтеріп, ғарыштық байланысқа түсіру мүмкіндігіне иелік қылады екен. Бұл – әр адамның сана деңгейіне тікелей байланысты жайт. Сондықтан да жырдың өзегі ақыл-нақылға толы болып, көкірекке парасат сәулесін түсіреді. Міне, жоғарыда айтылған жырдың тылсым сырына жауап беруші біріншіден – орындаушыдағы үн, екіншіден – қасиетті қара домбыра. Осы айтылған жақсы қасиеттердің барлығы кейіпкеріміздің бойына ұялап, берік орын алған десек, асыра мақтағандық емес. Арнұрдың ошағының отын жағып, ұрпағын өсіріп, тәрбиелеп отырған жары Салтанат та әуелден осы әулетке жаратылғандай жан. Құдайдың берген Әулет атты ұлы мен Балнұр есімді қызын өсіріп, оқытып отырған бақытты шаңыраққа жақсылықтан басқа тілеріміз жоқ.
Жыр көгінде жарқырап тұрған Дүзбенбет әулетінің сәулесін әлсіретпей, алдағы дәуірлерге жеткізу міндеті де Арнұрдай жыраудың азаматтық міндеті һәм парызы. Осы жолдағы қайырлы әрекеттеріне береке тілейміз. Құдай бойына құйған өнерді мәпелеп, ұрпақтан-ұрпаққа мирас ету бақыты екінің бірінің маңдайына жазылмаған.
Атадан балаға, баладан ұрпаққа бұлтармай жол тартқан жырдың көші тоқтамағай!
Берік САЙМАҒАНБЕТОВ,жырау, ҚР мәдениет қайраткері.