Бүгінгі күні қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты 60-тан астам тарихи-мәдени ескерткіш бар. «Мәдени мұра» өңірлік бағдарламасына сәйкес Қызылорда қаласының 190 жылдығына орай даңқты қолбасшы Жалаңтөс Баһадүрдің зор тұлғалық болмысын айшықтай түсу мақсатында ескерткіш орнатылды.
Бес-алты жылдай бұрын Сыр Сүлейлері, Абай аллеялары және қазақ халқының даңқты қолбасшысы – Бұхарбай батырдың 200 жылдық мерейтойына арналған мәдени нысан бой көтерді. Былтыр ғана Алаш қозғалысына 100 жыл толуына орай ашылған көрнекті тұлға Мұстафа Шоқай ескерткішінің де шоқтығы биік. Олардың қай-қайсысын алып қарасаң да аймақтың өткенінен тағылымды сыр шертіп, оны өскелең ұрпақ санасына сіңіруде аса маңыздылыққа ие болып отыр. Мәселен, «Сыр сүлейлері» аллеясының қақ ортасында ескерткіш орнатылған. Онда қобыз бен домбыра бейнесіне қосақталған қалам мен найза бейнеленген. Ал, жыраулар кезінде ел қорғаған баһадүр жандардың жігерін жанып, қайратына қайрат қосып, елдің тыныштығы мен бірлігін сақтауға күш салды. Оның қос қанатында Сыр өңірі мен осы өлкедегі байырғы астаналар жайлы құнды деректер жазылған. Күй атасы – Қорқыт пен қазақ ауыз әдебиетінің жанрлары туралы, «жыршы», «сүлей» ұғымдарына түсінік берілген. Қысқасы, аллеяны аралап шықсаңыз, аймақтың айшықты мәдениеті жайында мардымды мағлұмат алуға әбден болады.
Ал, қала келбетін ашып, екінші жағынан тарихи тұлғаларымызды ұлықтау, жәдігерлер қатарын толықтыра түсу мақсатында жасалған осындай туындыларды тиісті деңгейде қамқорлыққа алу басты назарда. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар да жүйелі жалғасын тауып келеді. Олардың бастамасы ретінде 2011 жылы облыс орталығында орналасқан республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші «Айтбай» мешітіне қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалдық нысанға да облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, жөндеу жұмыстары мен абаттандыру шаралары жүргізілді. Қорқыт Ата кітабының 1300 жылдығына арналған кемеңгер тұлғаның ескерткіштері де мемлекет қамқорлығын айрықша сезінді. Бұдан өзге де мәдени-тарихи нысандарды тиісті мекемелер тарапынан қорғауға алу міндеттемелері жүктелген.