Facebook WhatsApp Instagram

Мәдениет

0

Қобыз жасайтын шебер

Киелі қобыз аспабын жасаушылардың бірі Бақберген Бекниязов екенін естіп, қолөнершіге хабарласып, ізгі ісінің қыр-сырын сұрап білдік. Қолөнер шебері қойнауынан құт, байлауынан ат кетпеген қасиетті Қармақшы елінің перзенті.
Бақберген Бақтыбайұлы қолөнер бұйымын жасаумен мектеп жасынан бері тұрақты айналысып келеді екен. Мұндай ұсталық өнер оған нағашы атасы Байғарадан дарыған қасиет. Сүтпен сіңген өнерді бойтұмардай қастерлеп жүрген ісмерден ісі жайлы сұрағанымызда ол:- Жалпы біздің қазақ халқы өнердің қай түрінен болса да кенде емес. Ата-бабаларымыз ілгеріде аң терісін илеп, одан түрлі үлгідегі киімдерді пішіп отырған. Қала берді ағаштан ою ойып, темірден түйін түюді де жанына серік еткен. Осындай іскерлік қасиет менің нағашы атамда да болған екен. Ол кісі қара талдан қобыз жасап, оны кешқұрым ауыл балаларына бір мезгіл тартып беріп отыратын болған. Сол кісіден аяқталмай қалған бір қобыз үйде тұратын еді, соған қарап отырып қобыз жасауға деген қызығушылығым оянды. Кейіннен ұсталық өнерге деген құштарлығым артып, осы күні өмірімнің өзегіне айналды. Осы өнермен тұрақты айналысқаныма жиырма жылдай уақыт болды. Жасаған бұйымдарымды республиканың әр өңірлерінен келіп алып жатады. Арнайы тапсырыспен жасатып жататындар да табылады. Қолданылатын нар қобыздарды жергілікті қарағаш, Сыр талдарынан жасаймын. Оның бояуына жиде қабыршағы мен шеңгелдердің қоңырауларын суға қосып қайнатып жағамын. Табиғи бұйым төзімді болады. Бағаларын 50-60 мың теңгеден қолжетімді бағамен сатылымға шығарамын. Көрнекілікке қоятын сәндік бұйымдарды аз уақытта әзірлеп беремін. Сонымен қатар, ұлттық аспабымыз домбыра мен ат әбзелдерін, қыз жасауы мен бесік, басқа да халыққа қажетті дүниелерді жасап шығарамын. Барлығына уақыт керек. Келешекте шеберханамды заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіп, кеңейтсем деген жоспарым бар. Халықтың талғамы терең, әрбір бұйымды үлкен талғаммен таразылап алады. Еліміз өз алдына егемен ел атанып, дербес мемлекет болғалы өшкеніміз жанып, жоғалғанымыз табылып жатар. Бұл тәңіріміз тарту еткен тәуелсіздігіміздің теңдессіз сыйы. Біз ғұндардың ғұрпын, сақтардың салтын сақтаған тегі таза, ойы ұшқыр, арманы асқақ елдің ұрпағымыз. Сондықтан біздің жеткен жетістігімізден бағындырар белестеріміз көп. Сол жолда халықтың ынтымағы қажет. Өйткені, «Бірлік бар жер де тірлік бар» деген сөзді жан-жүрегімізбен ұғынуымыз шарт. Қазіргідей алмағайып уақытта Отанымыздың өсіп-өркендеуі жолында бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін деп жұмыс жасасақ Межелеген озық отыз елдің біріне әлі-ақ айналарымыз хақ,- дейді қолөнер шебері.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ


Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: