Сыр өңірінің бас шаһары – Қызылордада бой көтерген әрбір нысан мен ескерткіш, аллеялардың өзіндік шертер сыры мен тарихы тереңде жатыр. Бүгінде қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты 60-тан астам тарихи-мәдени ескерткіш бар. Олардың бірі – республикалық және жергілікті жерде алдын-ала есепке алынғандар. Аталмыш мәдени нысандардың қай-қайсысын алып қарасаң да, аймақтың өткенінен тағылымды сыр шертіп, оны өскелең ұрпақ санасына сіңіруде аса маңыздылыққа ие болып отыр.
Мәселен, қаланың қақ ортасында орналасқан – «Сыр сүлейлері» аллеясы осындай рухани орынға айналған кешеннің бірегейі. Қазіргі таңда кез келген қала қонақтары мен тұрғындардың демалатын сүйікті орнына айналып үлгерді. Қазақ ұлтының рухани сөз зергелерінің құрметіне арналған бұл орын – мәдени мұраның ошағы мен ұлттық тәрбиенің тәлімді ордасы іспеттес. Себебі, көшелі ой, кестелі сөз, Сыр өңірінің көркем шежіресінен сыр шертіп, тарих саңлақтарының мұраларын, өткен күндердің даналығын паш етіп тұрғандай. Осыдан 6 жыл бұрын бой көтерген аллеяны Аманкелді Кененбаев, Мұрат Сыдықов және Сейіт Мәкібаев бастаған мүсінші шеберлер жасаған.
Халқымыздың байырғы түсінігінде қобыз – елдің мұң мен зарын жеткізуші аспап ретінде ұғындырылады. Содан болар, стеллада қазақ тарихын жеткізушілер ретінде домбыра мен қобыз бейнелері бедерленген.Жіті байқап қарасаңыз, онда қобыз бен домбыра бейнесіне қосақталған қалам мен найза бейнеленгендігін аңғарасыз. Бұған дейін бірде-бір фольклорлық үлгіде бірге тоғыспаған қалам мен найза ұғымы аллеяда әдемі ұштастырылған. Бұл жыраулар кезінде ел қорғаған баһадүр жандардың жігерін жанып, қайратына қайрат қосып, елдің тыныштығы мен бірлігін сақтауға күш салғандығын меңзесе керек. Осылайша ерекше сыр-сипатпен әспеттелген ескерткіштің қос қанатында Сыр өңірі мен осы өлкедегі байырғы астаналар жайлы құнды деректер де жазылған. Әсіресе, панно қабырғаға ұсақ тастармен бедерленген бейнелер Сыр өңірінде өмір сүрген сүлейлер мен аймақтың өткен өмірінен сыр тарқатқандай. Күй атасы – Қорқыт пен қазақ ауыз әдебиетінің жанрлары туралы, «жыршы», «сүлей» ұғымдарына түсінік берілген. Қысқасы, аллеяны мұқият аралап шықсаңыз, аймақтың айшықты мәдениеті жайында мәнді мағлұмат алуға әбден мүмкіндігіңіз бар.
– Бұл нысанды тұрғызу идеясы әуеліде басшылық тарапынан туды. Кейіннен жобаны жүзеге асыруды бізге міндеттеді. Сөйтіп, көктем мезгілінде бастап, бас-аяғы 2-3 айдың көлемінде аяқтадық. Ескерткіштің көркемдік безендірілуін Мұрат Сыдықов екеуміз мойнымызға алдық. Ал, қабырғаларға жазылған жыраулық өнердегі көптеген термин, ұғымдарды сол кездегі облыстық мәдениет басқармасының басшысы, фольклортанушы Берік Жүсіпов таңдап берді. Мен сол сөздерді тақтай бетіне түсірдім. Сосын аллеяның аумағы көлемді болғандықтан, нысан атына сай композициялық топтамаларды кірістіру туралы тапсырма түсті. Сөйтіп, мен Нартай ақын мен Нұртуған жыраудың, Мұратбай Үмбетов Тұрмағамбет пен Балқы Базар жыраудың ескерткіштерін жасадық. Ал, Сейіт Мәкібаев әзірленген дүниелерді орнату ісінің маманы болды. Бұл осындай бірлескен шығармашылық еңбектің нәтижесінде жасалған дүние еді, – дейді мүсінші-архитектор Амангелді Кененбаев бізбен әңгімесінде.
Бүгінде «Сыр сүлейлері» ескерткіштер алаңы тек идеологиялық маңызы зор демалыс орны ғана емес, адам жанына рухани дем беретін киелі жерге айналды. Мұнда қазіргі таңда ұлттық құндылықтар дәріптелетін көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып, көпшілік жиі жиналады. Расында, өрелі өнер мен жампоз жырдың ордасына айналған Сыр топырағы күллі түркі тектес халықтары мәдениетінің тұнық бастауы десе болғандай. Ал, Сыр бойында 500-ден аса жыраулық өнердің насихаттаушылары рухына арнап ашылған «Сыр сүлейлері» аллеясы жасампаз ұрпақ үшін қашанда өшпес мұра болып қала беретіні анық.