Facebook WhatsApp Instagram

Мәдениет

0

Молдахмет Дабылұлының ақындық мұрасы


Қазақ мәдениетінің тарихында суырып салма ақындық- жыраулық, жыршы-қиссашылдық, термешілік- әншілік сынды өнер түрлерін бойына жинақтаған шығармашылық тұлғалардың бірі- Молдахмет Дабылұлы. Молдахмет- ақындық пен орындаушы әншілік, жыршылық өнері тұтасқан өнер иесі. Азаматық іс-әрекеттері мен шығармашылық өнері тоғыса тұтасқан өнер иесін халықтың «Молдахмет жырау» деуі орынды.
Молдахмет Дабылұлы бұрынғы Қазалы уезі, Қармақшы ауданы, Жамансары болысы, №6 ауылда 1893 жылы туған. 1946 жылы 18 қарашада Жосалы поселкесінде қайтыс болған.
Молдахметтің ата-тегі: Кіші жүз – Алшын – Қаракесек – Шөмен – Шөмекей – Бозғұл – Келдібай - Әлдеберді – Мерей – Қалымбет – Қаржау – Алтай - Өмірзақ – Дабыл, одан Молдахмет туады. Ол көнеше араб әрпімен хат танып жазарлық сауаты болған.
Қазақ мәдениетінің тарихында суырып салма ақындық- жыраулық, жыршы- қиссашылдық, термешілік-әншілік сынды өнер түрлерін бойына жинақтаған шығармашылық тұлғалардың бірі- Молдахмет Дабылұлы. Лирикалық және эпикалық шығармаларды өзіндік мақамдармен орындау мәнерімен «Молдахметтің боздамасы» атты әуендік-саздық үлгісімен танылады. Ақын-жырауларды үлгі тұта жүріп, өзінің де өнер айдынына құлаш ұрғанынын жырлайды.
Жыраулық өнермен 20 жасының шамасында-ақ айналысып, Сыр саңлақтарының таңдамалы шығармаларын жазып алып, жаттап, өте мәнеріне келтіріп, әдемі әнменен домбыраға қосып жырлайтын атақты әнші, домбырашы жыраулардың бірі болған.
Молдахметтің өзінің де өлең жазарлықтай қабілеті де болған. Ол қазалылық Кенжеұлы Дастан деген кісіге жай-жағдайын өлеңмен білдірген. Ақмешітте Асқар қожа деген жыраумен де өлең жазысқан, ақын Қуаныштың да жазған бір өлеңіне өлеңмен жауап қайтарған.
1945 жылы аудандық, облыстық ақындар айтысына қатысып, тиісті бәйге алған. Сол жылдарда колхозаралық айтыстарға да қатысып, Ленин атындағы совхоз ақыны Наурызбаймен, «Бозарқаш» колхозының ақыны Машараппен айтысқан.
Молдахмет Дабыловтың жыршылық репертуарында сөз өнері тарихына мәлім ірі-ірі эпикалық туындылар көп болған. Мысалы «Көрұғлы», «Мұңлық- Зарлық», «Ақтам Сайын», «Жүсіп- Зылиха», «Қысырауын», «Қыыз Жібек», «Алпамыс» т.б. дастандарды күні- түні жырлайтын болған.
Молдахмет шығармашылығының негізгі арнасы- ақындығы. Ақынның лирикалық өлеңдері, дастандары, айтыстары- бәрі де оның шыығармашылық өнерін айқындайды. Ақынның өзі қалыптасқан әдеби- фольклорлық дәстүрлерді жалғастыра отырып, өзіне тән мәнер, көркемдік шеберлік тұғырын көрсететін тұлғасын танимыз.
Ақынның дәстүрлі ақындық-жыраулық әдебиетті жалғастырған жолын танытатын шығармалары- терме- толғаулары. «Бұл сөзіме кім тоқтар?», «Тексізден текті шықпайды», «Өсиет», «Өнегелі іс», «Өткіздік бұл дүниені» және т.б. терме- толғауларында адамзаттың осы фәни жалған дүниедегі жақсылық пен жамандықтың жарыса, теке тірес жағдайындағы арпалысты өмір мазмұны жырланады.
Ақын- туған халқының перзенті. Азаматық, адамгершілік тұлғасымен халқының тарихында өшпейтін мұра қалдырған Молдахмет Дабылұлының есімі ұрпақтарымен бірге жасай береді.

Халқыма қалтқысыз еттім қызмет
Жырладым туған елдің атырабын,
Сүйемін қасиетті топырағын.
Мен- жылға, халық-теңіз соған қарай,
Құйылып жүрегіммен жатыр ағын.
Елімме жастайымнан еттім қызмет,
Елбеңдеп өз әлімше жасап ізет.
«Тисін-деп- қолғабысым ағайынға»,
Ерінбей ертеңді –кеш жүрген біз ек.
Шақырса ел: «Молдахмет жырласын!»деп,
Жүгіріп екі айтқызбай келетін ек.
Қырық жыл халық алдында шырқасам да,
Еңбегім сіңбегендей әлі де көп.
«Батамен көгереді адам» деген,
«Халық айтса қалт айтпайды»соны білем,
Ығында көпшіліктің болып әркез,
Салса да қиындыққа соңына ерем.
Жемісін жұрттың еккен тынбай терем,
Жинаймын сөз мәйегін мәні терең.
Шыққан соң белді буып осы жолға,
Жазғаннын пешенеге көре берем.
Жыр жырлап халық алдында создым
әуен,
Алдымнан ашылады алтын сәулем.
Алғысын алып әр кез жақсылардың,
Көңілім көтерілді болмай тәуен.
Мақамын ата-бабам салып кеткен,
Киелі жыраулардан қалған өткен.
Жиналған қордаланып талай ғасыр,
Жаңғырттым қазынаны тозбай жеткен.
Құйылған күн нұрындай әсерлі әуез,
Көтерді көңілін көптің шалқып әр кез.
Желпініп жабырқау жан жадырады,
Құтырып уайымнан болған шәркез.
Қарттардың жастық көңілі келді қайтып,
Шырқатып жібергенде жырымды айтып.
Талайды тамсандырған қоңыр әуен,
Болды риза кемпірлер де бойы балқып.
Құйқылжып көтерілсе құстай ұшып,
Әуенім аспандағы айды құшып.
Тыңдаушым тамсанатын болып риза,
Шайына қант қосқандай ауызы тұшып.
Жастардың бойында қайнап асау қаны,
Мақамның ырғағымен кіріп жаны.
Майысып қыз-келіншек отыратын,
Атқандай ақ жырымен арай таңы.
Жырменен жадырайтын келіп шағы,
Ашылып алдарынан иран бағы.
Көңілдің кірі кетіп қуанбаса,
Қалмайтын ешбір жанның сынып сағы.
Түнімен отыратын жұрт ойын бөлмей,
Ұмытып дүниені есін білмей.
Жұмыстан шаршап келген шаруалар да,
Тыңдайтын жыр мәнерін көзін ілмей.
Қырық жыл дәл осылай келем шырқап,
Көтеріп көңілін көптің жасымнан-ақ.
Халыққа қызмет ету мұратым ед,
«Ғибрат алсын- деймін- келер ұрпақ!»
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: