Facebook WhatsApp Instagram

Мәдениет

0

Көздің жауын алған кілемдер

Қармақшы ауданындағы өлкетану музей қорында да тарихтан сыр шерткен 5 кілем сақталған. Солардың бірі – тықыр кілем. Тықыр кілем – бұл негізінен түксіз тоқылатын, екі жағы, басы-аяғы, оң-терісі бірдей болып келеді. Ол тұтуға да, жаюға да, ілуге де мейлінше ыңғайлы, төзімді. Сондай-ақ салмағы да жеңіл. Музей қорындағы мұндай кілемнің ортасына шыңжара, жиегіне ботакөз оюы қолданылған. Бұл ою-өрнектің геометриялық түріне жатады. 
Кілем етегі шашақпен әрленген. Мұндай ерекше жәдігерді 1960 жылдың бас кезінде Ақжар ауылының тұрғыны Нұрқия Күзембаева тоқытқан екен. Ұзындығы – 3 м, ені – 1,75 см. 1967 жылы Кеңес Одағының құрылғанына 50 жыл толу мерейтойы қарсаңында аудан, облыс, республика бойынша қолөнер бұйымдарының байқауы өткізіледі. Сол көрмеге қатыстырылып, кілемдер арасында республика бойынша екінші орынға ие болып, 50 сом жүлде беріледі. Байқаудан соң кілем иесіне кілемді көрмеге қалдыруын өтініп, орнына кілем фабрикасында тоқылған жаңа кілемге айырбас жасауға өтініш білдірген. Бірақ кілем иесі ол өтініштен бас тартқан. Кейін 2016 жылы музей қорына аудан тұрғыны, ұлттық өнер жанашыры Әбдірахман Құлдүйсенов сыйға өткізіпті. Сол уақыттан бері сәні кетпей, қаз-қалпында тұрған кілем туралы ақпаратты да Нұрқия әжейдің немересінен естідік.
– Бұл кілемді мен бала күнімнен білемін, – деді тарихына тоқтала келе. – Біз шаңырақ көтерген кезде әжем үйіміздің төріне әкеліп ілген еді. Сол кезден бері көзіміздің қарашығындай сақтап келеміз. 4 жыл бұрын аудандағы музейдің қорына өзге заттармен бірге өткіздім. Тарихи маңызы зор құндылықтың сонда сақталғаны дұрыс деп есептедік. Себебі, келер ұрпақ та оны көріп, көңілге түйері анық. Сол үшін де ұлттық мұрамыздың сақталуына аз да болса үлесімді қосқаныма қуаныштымын, – дейді Әбдірахман ағамыз.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: