Облыс әкімі облыстық мәслихаттың VI шақырылымындағы депутаттарымен кездесті
Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өкілеттілігі аяқталған VI шақырылымдағы облыстық мәслихат депутаттарымен кездесті.
Аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қажетті оң бастамаларды қабылдауда депутаттардың еңбегі жоғары екенін атап өтіп, жауапты қызметте бірлесе жұмыс атқарғаны үшін алғысын білдірді.
- Бір жылға жуық уақыт ішінде бірлесіп атқарған қызметтің барлығы көз алдымызда. Бұл уақыт өлшемі тұрғысынан тым қысқа көрінгенімен, барлығымыз үшін сынаққа толы кезең болды. Сіздермен өткен жылы конструктивті тұрғыда жұмыс жасадық, қордаланып қалған өзекті мәселелерді бірлесіп шеше алдық, ұсақ мәселелер де назардан тыс қалмады. Осы кезеңде облыс әкімдігінің барлық ұсынысы Сіздердің тараптарыңыздан қолдау тапты. Біз де өз тарапымыздан сайлаушылардың талап-тілегін орындауға барлық күш-жігерімізді жұмсадық.
Мәслихат қабырғасында аймағымыздың келешегі, жергілікті жерлердегі экономикалық жағдай мен халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсарту бағытында да ұсыныстарыңызды білдірдіңіздер,-деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Жиын барысында облыс әкімі облыстық мәслихаттың VI шақырылымының депутаттық корпусы кәсіби тұрғыда азаматтармен толыққанын атап өтіп, азаматтық қоғамды ілгерілету бағытында еселі еңбек еткен халық қалаулыларын облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Жиында облыстық мәслихат хатшысы Қылышбай Бисенов және депутаттар Ибайдулла Құттықожаев пен Әнуар Дәуленбаев сөз алып, әріптестерінің жылдар ішіндегі жемісті жұмысын атап өтіп, өңір басшысына алғысын жеткізді.
Есепті кезеңде Қызылорда облыстық мәслихатында 51 сессия өтіп, 526 шешім қабылданды, жалпыға бірдей міндетті маңызы бар 114 шешімі әділет органында мемлекеттік тіркеуден өтті. Халық қалаулылары 5 жыл ішінде 1000-нан аса депутаттық сауал жолдаған.
Айта кету керек, 10 қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау өткізілді. Саяси науқанға Қызылорда облысы сайлаушыларының 73,9 пайызы сайлауға қатысып, өздерінің ерікті таңдауларын жасады. Дауыс беру белсенділігінің нәтижесінде Қызылорда облысы республика бойынша екінші көрсеткішті иеленді.