Құрметті қызылордалықтар!
Қадірлі жерлестер!Бүгін - Көрісу (Амал) күні.
Бастауын сан мыңдаған ғасырлардан алатын Наурыз мейрамын қарсы алу осы күннен басталған.
Бұл күні жұрт бір-бірін ұлыстың алғашқы күнімен құттықтап, төс қағыстырып сәлемдесіп, көрісу рәсімін жасайды, жасы үлкен адамдарға сәлем береді. Көрші-қолаң бір-біріне «Жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылып, ғұмырың ұзақ болғай!» деп тілек айтады.
Бір-бірімен араздасқан адамдар өзара кешірім сұрап, арасы алыстаған ағайын жақындасатын, ел-жұртты ауызбіршілік пен татулыққа бастайтын ерекше мереке.
Өкінішке қарай, ізгілік ілтипаты мол күнді ел болып атап өте алмай, әлемді жайлаған қатерлі індетпен күресіп жатырмыз.
Өздеріңізге белгілі, «коронавирус» індеті әлем елдеріне қауіп төндіруде. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан шыққан жаңа коронавирустың өршуін халықаралық маңыздағы төтенше жағдай деп танып, коронавирус инфекциясы пандемия деп жарияланды.
Пандемия – бір елдің тұтас аумағын, іргелес мемлекеттерді, кейде тіпті дүниежүзінің көп елін қамтитын айрықша күшті инфекцияның таралуы болып табылады.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздегі барлық қоғамдық шараларды тоқтату туралы бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Сондықтан, республика көлемінде барлық қоғамдық-саяси маңызы бар шаралар, жиындар, конференциялар мен мерекелік шаралар тоқтатылды.
Денсаулығымыздың қауіпсіздігі үшін жеке азаматтардың да ас беру, той өткізу мен қоғамдық орындарда өтетін діни жоралғыларға да шектеу жасаған дұрыс деп санаймын.
Бұның барлығы Сыр жұртшылығының жеке бас қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан шаралар. Сондықтан, түсіністікпен қабылдауларыңызды сұраймын.
Сондай-ақ, төл Жаңа жылымыз – Наурыз мейрамын отбасылық мереке ретінде атап өтуді ұсынып отырмыз. Мерекені жақын-жуықтың арасында қарсы алудың да мәні зор.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазіргі таңда, біздің облыс көлемінде коронавирус инфекциясының алдын-алу үшін нақты шаралар қабылданған. Күнделікті арнайы штаб жұмыс жасауда. Бүгінгі күнге облыста қауіпті індетті жұқтырған азаматтар тіркелген жоқ.
Алдын алу шараларын күшейту мақсатында қала және аудан әкімдіктеріне, облыстық білім, денсаулық сақтау, ішкі саясат, кәсіпкерлік және туризм басқармаларына, полиция департаментіне, "Атамекен" кәсіпкерлерді қолдау палатасына (келісім бойынша) арнайы тапсырмалар бердім.
Облыста барлық медициналық ұйымдар үздіксіз қызмет көрсетуде. Сауда орындары мен базарларда азық-түлік тауарларының қоры жеткілікті. "Далатекс" тігін цехы бетпердені өз облысымыздан шығаруды қолға алды.
Дегенмен, әрбір адам жеке бас саулығына өзі жауапты екенін естен шығармаса екен. Сондықтан, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен гигиеналық шараларды мүлтіксіз сақтауға тырысыңыздар.
Сонымен бірге, осы инфекцияға қатысты ел арасында және әлеуметтік желілерде жарияланған түрлі ресми емес ақпараттарға бой алдырмай, ресми органдардың бұқаралық ақпарат құралдарына берген мәліметтеріне сүйену қажет екендігін назарларыңызға саламын.
Тиісті ақпаратты Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің 1406 call орталығы арқылы алуға болатындығын жеткіземін.
Құрметті жерлестер!
Сыр елі - қашанда сындарлы сәттерде сыр бермей, талай кезеңді басынан өткізді.
Бұл қатерлі індетті жеңуде біз тағы да елдің ауызбірлігін көрсетуіміз қажет. Мемлекет тарапынан жасалуы қажет шараларды облыс әкімдігі толығымен атқарады және бұл шаралар менің жеке бақылауымда болатындығын жеткіземін.
Наурыз мейрамының алғашқы күні – Көрісу (Амал) күні құтты болсын!
Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!
Өздеріңізге мықты денсаулық, отбастарыңызға береке-бірлік, жақындарыңызға амандық тілеймін!
Еліміз еңселі, халқымыздың ауызбірлігі болаттай бекем, Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!