Қазалы ауданында «РЗА» АҚ-да кәсіпорынның өткен жылы қол жеткізген жетістігі мен алдағы уақыттағы дамуы туралы еңбек ұжымымен кездесуі өткізілді.
2000 жылы өз жұмысын бастаған кәсіпорын аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық деңгейін көтеруге зор үлесін қосып, 1200-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып келеді. 2010 жылы кәсіпорында экспортқа бағытталған сүт және ет өнімдерін өндіру бойынша типтік жобадағы тауарлы сүт фермасы және ауысымына 30 тонна сүт өңдейтін сүт зауыты салынды. Қазіргі таңда зауытта пастерленген және ультрапастерленген сүт, айран, қаймақ, ірімшік, сары май, құрт өнімдері шығарылады. Сүт өнімдері Қызылорда облысының аумағымен бірге Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында да сатылуда. Сондай-ақ, кәсіпорын түрлі дәнді дақылдар мен мал азығы дақылдарын егумен және нан, кондитерлік және ет өнімдерін өндірумен айналысады. «РЗА» АҚ өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің сапа жөніндегі «Алтын сапа» жүлдесіне қол жеткізіп, «Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясында үздік деп танылды. Жиын барысында «РЗА» АҚ президенті Самұрат Имандосов өз ұжымын және барша Қазақстандықтарды 2015 жылғы 26 сәуірде өтетін Қазақстан Республикасы Президентін сайлауға бір ауыздан қатысуға шақырып, Қызылорда өңіріндегі ірі кәсіпорынның ұжымы ретінде ел экономикасын ілгерілетіп, мемлекетімізді дамытуға атсалысатындықтарын жеткізді.