20 наурызға белгіленген ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлауға Қызылорда облысы бойынша 405736 адам қатысады.
Бұл туралы «Сыр Медиа» ЖШС жанындағы облыстық коммуникациялар орталығының брифингінде облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Абайбек Жүнісов мәлімдеді, деп хабарлайды өңір басшысының баспасөз қызметі.
Саяси маңызды шараны ұйымдастыру мен өткізуді барлығы 506 сайлау комиссиясы қамтамасыз етеді. Осыларда 405 мыңнан астам адам дауыс беруші ретінде тіркелген.
- Партиялық тізім бойынша Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлауда кандидаттарды ұсыну 8 ақпанға дейін, тізімдерді тіркеу 19 ақпанға дейін жалғасады. Мұны орталық сайлау комиссиялары жүргізеді. Үгіт-насихат жұмыстары 20 ақпан мен 18 наурыз аралығын қамтиды, - деді Абайбек Жүнісов.
Ал ҚХА-нан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар 29 ақпанға дейін ұсынылады. 29 ақпан-5 наурыз аралығында оларды тіркейді. 6-18 наурыз аралығы үгіт-насихат жұмыстарына арналады.
Облыстық сайлау комиссиясы төрағасының айтуынша, мәслихат депутаттарын сайлау қорытындылары 5 күннен кешікпей анықталады. Басқа кандидаттарға қарағанда көп дауыс иеленген үміткер депутат болып есептеледі.
Сайлау заңнамасына сәйкес егер сайлаушы 30 күн бұрын өзінің тіркелген мекен-жайында болмайтынын білсе, жергілікті әкімдікке хабарласып, сайлау күні болатын жерінің сайлаушылар тізіміне тіркеле алады.