ҚЫЗЫЛОРДАДА БЫЛТЫР ҚАЛА БЮДЖЕТІ 90,3 ПАЙЫЗҒА АРТТЫ
Бүгін, 12 ақпан күні Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қала тұрғындары алдындағы есепті кездесуі өтті.
Есепті кездесуге дейін қалаға қарасты 2 кент, 7 ауылдық округтер және қала ішіндегі 2 аймақта кездесу өткізілді. Әрбір кездесуде тұрғындарды толғандыратын мәселелер талқыға салынып, оларды шешудің мүмкіндіктері мен тиімді жолдары сараланды.
Жиын барысында қала әкімі Н. Нәлібаев:
– 2015 жыл біздің қаламыз үшін табысты жыл болды. Солардың ішінде ең маңыздысы – өткен жылдың қазан айындағы Елбасымыздың Сыр еліне жасаған сапары кезінде аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен қаламызда атқарылып жатқан тың жобалар мен жаңашыл бастамаларымызға Елбасының өзі оң бағасын берді. Бұл біріншіден өңірімізді дамытуға аянбай еңбек етіп, өз шағын отанын гүлдендіруге барын салып жүрген қала тұрғындарының қосқан зор үлесінің және әр бір саланың тынымды тірлігінің арқасында қол жеткізген жетістіктеріміз, – деді.
Бүгінде, Қызылорда қаласы облыс экономикасының барлық салаларындағы өрелі өзгерістердің алдыңғы шебінен көрініп, жаңа серпінге ие септігі мол, жаңашыл бастамаларымен көш бастап келеді.
2015 жылдың басында қала бюджеті трансферттерді қоса есептегенде 20 млрд. 488 млн. теңге көлемінде бекітілсе, бүгінгі таңға 2015 жылдың қорытындысымен 38 млрд. 981 млн. теңгені құрады. Бұл дегеніміз қала бюджетінің 90,3 пайызға артқандығын көрсетеді.
Қызылорда қаласы бойынша өнеркәсіп кәсіпорындарымен өткен жылдың 12 айында 448 млрд. 548 млн.теңгенің өнімдері өндірілді.
Облыста өндірілген өнімнің 81 пайызы, атқарылған құрылыс жұмыстарының 41 пайызы, пайдалануға тапсырылған тұрғын үйлердің 65 пайызы Қызылорда қаласының үлесінде. Өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 24 млрд. 325 млн. теңгені құрап, тамақ өнімдерін өндіру 14,5 пайызға, машина жасау саласы 14,1 пайызға артты.Жыл ішінде меншіктің барлық нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдар есебінен негізгі капиталға салынған қаржы көлемі 127 млрд. 341 млн. теңгені құрап, облысқа салынған барлық инвестицияның 54 пайызын қамтамасыз етті.