Қызылорда қаласындағы Т.Жүргенов атындағы шығармашылық үйінде облыстық қаржы басқармасының басшысы Талғат Жақыпбаев БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді. Жүздесу барысында басқарма басшысы салада атқарылған жұмыстар барысынан баяндап берді.
Мүлікті жария ету барысы туралы
Қызылорда облысында мүлікті жария ету жұмыстары жалғасуда. 2016 жылдың 25 наурызындағы жағдайы бойынша Қызылорда облысында мүлікті жария ету бойынша түскен өтініштер саны – 1298 құрады (1552 жылжымайтын мүлік). Түскен өтініштер бойынша мүліктердің жалпы құны 12 245 243,4 мың теңгені құрады. Оның ішінде 1139 өтініш бойынша жалпы құны 11 372 417,7 мың теңге болатын 1358 жылжымайтын мүлік жария етілді.
Мүлікті жария етуді өткізу комиссияларымен жалпы сомасы 806 325,7 мың теңге құраған 143 өтініш кері қайтарылған.
Қызылорда облысы бойынша жалпы түскен өтінімдер құрамында жария етілген өтініштер үлесі 88 пайызды (4 орын), яғни жоғары көрсеткішті көрсетіп отырғанын айта кеткен жөн. Ал, жария етілген мүлік құны бойынша облыс 7-ші орында.
2015 жылдың 13 қарашасында мүлікті жария ету Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Заңнаманың негізгі өзгерістері жария ету субъектілері үшін мынадай кепілдіктер көздейді:
1) құқық қорғау, басқа мемлекеттік органдар, банктер мен өзге ұйымдар қызметкерлерінің заңсыз әрекеттерінен қосымша қорғалу бөлігінде қылмыстық жауаптылыққа дейін қылмыстық заңнама нормаларын нақтылау және қатаңдату;
2) қылмыстық іс бойынша дәлелдемелер ретінде жария ету барысында алынған ақпаратты пайдалану мүмкіндігін болдырмау;
3) салық заңнамасына мүлікке жария етуді өткізу процесінде мемлекеттік кірістер органдары салық төлеуші туралы алған мәліметтерді және ақпараттарды ұсынуға тыйым салу туралы нормаларды қосу;
4) банктік заңнамаға жария етілген ақша туралы ақпаратты тек Бас прокурордың немесе оның орынбасарларының санкциясымен ғана құқық қорғау органдарына беру туралы нормаларын қосу;
5) жария етілген мүлікті тәркілеуге тыйым салу туралы норманы қолданысқа енгізу болып табылады.
Ақшаны жария ету төмендегіше жүргізіледі:
- банк шоттарына олардың сақталуы бойынша міндеттемесіз, алымдарды төлемей, шектеусіз өзінің қалауы бойынша иелік етумен аудару;
- 10% мөлшерінде алымды төлей отырып екінші деңгейдегі банктер шотына аудармау.
Әкімдіктер жанындағы комиссияларда тек құқығы ресімделмеген Қазақстан Республикасы аумағындағы жылжымайтын мүлікті жария ету қалдырылғын. Қазақстан Республикасы аумағындағы қалған мүліктер бөлігінде, алымды төлемей мемлекеттік кірістер органдарына декларацияны ұсыну жолымен жүргізу және Қазақстан Республикасынан тыс орналасқан мүлік бойынша жария ету 10% мөлшеріндегі алымды төлей отырып, мемлекеттік кірістер органдарына декларацияны тапсыру жолымен жүргізіледі. Айта кету керек, бұл ретте, мүліктің құнын жария ету субъектісі өз бетімен айқындайды.
Қазіргі таңда, барлық аудандар мен Қызылорда қаласында мүлікті жария ету комиссияларымен заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бойынша облыстағы кәсіпкерлер, ауыл және ауылдық округ тұрғындары үшін түсіндірме жұмыстары (семинарлар, кездесулер) жүргізілуде.
Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында мүлікті жария етуге байланысты бүгінгі күнге дейін 220 мақалалар жарияланды. Жергілікті телеарналарда («Қазақстан-Қызылорда» және «Қоғам ТВ») барлығы 395 арнайы сұхбаттар мен бейнероликтер беріліп, соның ішінде құзыретті органдары өкілдерінің қатысуымен көрсетіліп келеді. Оған қоса, мүлікті жария ету туралы мәлімет жүгіртпе жолдар бойынша 120 рет көрсетіліп, интернет-ресурстар бойынша 120 ақпарат жарияланған.
Облыс бойынша кәсіпкерлердің қатысуымен бейнероликтер дайындалып, күніне 4 реттен қазақ және орыс тілдерінде көрсетілуде.
Жекешелендірудің екінші толқынының барысы туралы
Жекешелендірудің екінші толқыны шеңберінде 2015 жылы 1 коммуналдық кәсіпорын – «Қызылорда облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы» МКҚК төрт рет сауда-саттыққа шығарылып, алайда, сатып алушының болмауына орай коммерциялық тендерлер өтпеді деп танылды.
Сондай-ақ, кестеге сәйкес ағымдағы жылдың желтоқсан айының соңына дейін «Байқоңыр» ӘКК» ҰК» АҚ бір ұйымын – «Жаңақорған Шипажай» ЖШС бәсекелестік ортаға беру жоспарлануда. Алайда, жоба бастамашы тарапынан қаржы жоқтығына байланысты, объект сатылмады. Қазіргі таңда жоба бастамашысымен екінші деңгейлі банктен несие алу мәселесі шешіліп жатыр.
2016 жылға арналған міндеттер
Жекешелендірудің бекітілген жаңа жоспарына сәйкес Қызылорда облысы бойынша жекешелендіруге коммуналдық меншіктің 5 объектісі анықталды (оның ішінде 3-облыстық, 1-Қызылорда қаласы әкімдігіне, 1-Арал ауданы әкімдігіне қарасты), және «Байқоңыр (Байконур) ҰҚ» ӘКК» акционерлік қоғамының 6 еншілес компаниясы анықталды («Агро Холдинг Байқоңыр» ЖШС, «Жаңақорған» шипажайы» ЖШС, «Қызылорда құс фабрикасы» ЖШС, «Арал балық өңдеу зауыты» ЖШС, «КазРос Инновация» ЖШС, «Жан-Арай Жем» ЖШС).
Бекітілген кестеге сәйкес 2016 жылы коммуналдық меншіктің 2 объектісін жекешелендіру жоспарланып отыр («Қызылорда облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы» МКҚК, Арал қалалық шаруашылық жүргізу құқығындағы көпсалалы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны).
Сонымен бірге Байқоңыр (Байконур) ҰҚ» ӘКК» акционерлік қоғамының 1 объектісі жоба бастамашысына сатылып кетті («Жан-Арай Жем» ЖШС).
Сонымен қатар, үстіміздегі жылы «Байқоңыр (Байконур) ҰҚ» ӘКК» акционерлік қоғамының 3 еншілес ұйымын сату жоспарланып отыр («Агро Холдинг Байқоңыр» ЖШС, «Жаңақорған» шипажайы» ЖШС, «Қызылорда құс фабрикасы» ЖШС).
Бюджеттің атқарылуы туралы
Үстіміздегі жылы Қызылорда облысының нақтыланған бюджет көлемі 200 млрд.теңгеге жуықтап отыр, 2014 жылы тұрақты қаржы кезеңде облыс бюджеті 207 млрд.теңгені құраған болатын.
Біз әлі 2016 жылдың 1 тоқсанын ғана тәмамдап келеміз, алдағы кезеңде облыс бюджетін ұлғайтуға республикалық бюджеттен қосымша қаржылық ресурстармен, қосымша мүмкіндіктер бар екенін ескеруіміз қажет.
Осы барлық мүмкіндіктерді пайдаланып облысқа қосымша қаржы бөлу мақсатында атқарылып отырған жұмыстарды ескеріп, біз енді 2016 жылы осы қаржыларды толық көлемде игеруге жұмыс жасауымыз керек.
Осыған орай, үстіміздегі жылдың 1 тоқсанның қорытындысы бойынша бюджет қаражатын 99 пайызға игерілу күтілуде.