Қызылордада жасыл экономиканы дамыту мәселесі талқыланды
Қызылордада «Жасыл экономиканы дамыту: өзекті мәселелері, құқықтық қамтамасыз ету» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Аталған шарада экология мәселері, баламалы энергетиканың қуат көздері және жасыл экономикаға көшудің даму жолдары қарастырылды. Конференция жұмысына Ресей, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан және еліміздің басқа аймақтарынан келген белгілі ғалымдар қатысты.
- Елбасымыз Н.Назарбаев Қазақстан 2050 стратегиясында еліміздің жасыл экономикасын дамыту жолына негізделген, тиімді және тұрақты экономика құру міндетін қойды. Біз табиғаттың байлығын тиімді пайдалана білуіміз керек. Бүгінгі күні желдің күшін, күннің сәулесін, судың қуатын қолдану – экологиялық проблемаларды шешуге, энергияны сақтауға, инновациялық технологияларды дамытуға жасалған қадам,- деген облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аймағымызда жасыл экономиканы дамыту барысында бірқатар инновациялық жоболар жүзеге асырылып жатқанын айтты.
Өңір басшысының айтуынша, күн қуаты батареяларының кең қолданылуы Қызылорда облысын жасыл экономиканың басты өсу тетіктерінің біріне айналдыра алады. Бүгінде шалғай елді мекен тұрғындары өз шаруашылықтарында күн батареяларын қолдануға қызығушылық білдіріп отыр. Мысалы, Арал ауданының Мойнақ елді мекенінде 8 тұрғын үй осындай инновациялық батареяларды қолдануға көшті.
Сондай-ақ, облыста күкірт өндіру зауыты, пайдаланылған көлік дөңгелектерін қайта өңдеу зауыты жұмысын бастады. Одан бөлек «Жасыл» экономика бағдарламасы аясында «жасыл» белдеуді құру үшін облыс орталығында газ құбыры жүйесі, сумен қамтамасыз ету, құбырларды тазалауда жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр.
Конференция одан әрі секциялық жұмыстармен жалғасты. Секция жұмысы барысында 100-ден астам баяндама тыңдалды.