ОБЛЫС ӘКІМІ ЖЕР МӘСЕЛЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ БЕЛСЕНДІЛЕРДІ ҚАБЫЛДАДЫ
Әлеуметтік желілер арқылы сырбойылық бір топ азамат соңғы кезде қызу талқыға түсіп жатқан жер мәселесіне қатысты облыс әкімінің қабылдауын сұраған болатын. Осыған орай бүгін аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев азаматтық қоғам өкілдері мен туған жерге жанашыр қала тұрғындарымен кездесті.
Облыс әкімі сөз болып жатқан жер туралы заңның жәй-жапсарын түсіндіріп, кездесуге келген азаматтардың сұрақтарына егжей-тегжей жауап берді.
- Ең әуелі, осы мәселеге алаңдаушылық білдірген азаматтарға ризашылық білдіргім келеді. Туған жерге деген жанашырлық - әр адамның перзенттік парызы, азаматтық міндеті.Ең бастысы сіздермен бірлесіп жұмыс істесек кез-келген мәселені шешуге болады - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.
Кездесуге келген азаматтар тұрғындар арасында жер мәселесіне қатысты алаңдаушылық бар екенін жеткізді. Және Заңды халыққа түсіндіру жұмыстарын кеңейту қажеттігін айтты. Сондай-ақ, кездесу тақырыбы мен басқа да өзекті мәселелерге қатысты сауалдарын қойып, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.
Аймақ басшысы айтылған ұсыныс-пікірлерді мұқият тыңдап, облыс деңгейінде шешуге болатын мәселелерге қатысты бірқатар тапсырмалар берді. Ал республика деңгейіндегі әрекет талап ететін мәселелерге қатысты облыс әкімшілгі берілген ұсыныстарды сараптап, тиісті органдармен бірлесіп жұмыс істейтіндігін айтты.