Әлемге әйгілі футболшы Диего Марадона дүниеден өтті
Бүгін әлемге әйгілі футболшы Диего Армандо Марадона қайтыс болды. Бұл туралы ҚазАқпарат «Telam» ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Аргентиналық жұлдыз Диего Армандо Марадона 60 жасында жүрек жетіспеушілігінен қайтыс болды», - делінген сайтта. Ақпаратқа сәйкес, әлемдік футбол жұлдызына 3 қараша күні ота жасалған.
Д.Марадона 1960 жылдың 30 қазанында Аргентинаның Ланус қаласында дүниеге келді. Футболдағы мансабын 1976 жылы өз елінің «Архентинос Хуниорс» командасында бастады. Одан кейін сол елдегі «Бока Хуниорс» клубында доп тепті. 1982-1984 жылдарда Еуропада «Барселона», 1984-1991 жылдарда «Наполи», 1992-1993 жылдарда «Севилья» клубтарының намысын қорғады. Ал 1993-1997 жылдарда Аргентинаның «Ньюэллс Олд Бойз», «Бока Хуниорс» командаларында доп тепті.
1994 жылдан бастап бапкерлік қызметке бет бұрды. Алдымен өз еліндегі «Текстиль Мандию» командасын жаттықтырған ол, 1995 жылы «Расинг» командасының тізгінін ұстады. 2008-2010 жылдарда Аргентина құрамасына жетекшілік жасады. Ал 2011-2012 жылдарда Біріккен Араб әмірлігінің «Аль-Васл», 2017-2018 жылдарда «Аль-Фуджайра» командаларында бас бапкер болды. Сондай-ақ, 2018-2019 жылдарда Мексиканың «Дорадос» клубын жаттықтырса, 2019 жылдан бері Аргентинаның «Химнасия-Эсгрима» клубының тізгінін ұстады.