"Қайсар" Албанияның күміс жүлдегерінен басым түсті
Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан «Қайсар» футбол клубы Албанияның «Кукеси» командасымен жолдастық кездесу өткізіп, 1:0 есебімен жеңіске жетті.
Қызылорданың «Қайсар» футбол клубы маусымаралық оқу-жаттығу жиынын қарқынды бастап кетті. Желтоқсан айында Жерорта теңізінің жағалауында алғашқы жиынын өткізіп, екі жолдастық кездесуде қарсылас қақпасын 17 рет көздеген жерлестеріміз қаңтар айының басында тағы да Анталияға жол тартты. Жиын барысында команданың физикалық-тактикалық дайындығына көңіл бөліп жатқан бапкерлер алқасы жаңа ойыншылардың да әуселелерін байқауда. Дегенмен, әліптің артын бағып, ойыншыларды бастан-аяқ тексеріп асықпай шешім қабылдауды жөн көрген Дмитрий Огай бастаған жаттықтырушылар әзірге ешқандай жаңа ойыншымен келісімшарт жасасқан жоқ.
Айтпақшы, екінші жаттығу жиыны аясындағы алғашқы жолдастық кездесуін де өткізді. Қарсыласымыз Албанияның «Кукеси» командасы еді. Оңай шағылар жаңғақ емес. Албанияның соңғы чемпионатында екінші орынды иемденген. Дегенмен, ойынды бірден қарқынды бастап, тізгінді салған жерден өз қолдарына алған «қайсарлықтар» матчтың алғашқы минуттарында-ақ есеп ашты. Тура соққымен көзге түскен Сергей Струков болатын. Бұдан кейін қанша шабуылдаса да қызылордалықтар есепті еселей алған жоқ.
Енді осындай ойындардың тағы екеуі жоспарланған. Бірі 16 қаңтарға бекітілсе, екіншісі осы айдың 19-ында өтеді. Күндері белгіленгенмен қарсыластарымыз әлі анықталған жоқ. Қызылордаға «Қайсар» қаңтардың 20-сы күні жол жүреді.