Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

Би қанатындағы көркемдік биігі

Көгілдір экраннан көркем гимнастиканы көргенде талай мәрте қызықты сәттерге куә болғанымыз рас. Жарыс алаңында кербез қимылымен арулар көпшілікті тәнті етті. Жаңа ғасыр тоғысында тәуелсіз елімізді жұмыр жердегі жұртқа таныта білген гимнасшы Әлия Юсупова қарсыластарымен қаншама рет бәсеке көрігін қыздырды. Сол бір сәтте көкейімізде «Осындай спорт түрі біздің өңірде де қолға алынса» деген ой қонақтағанын жасыра алмаймыз.


Қызылорда төріндегі «Мұз айдыны» спорт кешенінде орналасқан көркем гимнастика залына енген мезетте сол ойымыздың орындалғанына шүкірлік еттік. Әлемде көркем гимнастикамен негізінен қыздар айналысады. Жер шарындағы барша бұқара асыға күтетін Олимпиада бағдарламасында спорттың бұл түрі жанкүйер қызығушылығын туғызатыны сондықтан болар. Айтулы аламанда бүгінге дейін еліміздің атынан талай саңлақтар бақ сынады. Келешек кемерінде олардың қатарында қызылордалық қыздар да көрініп жатса, оған ешбір таңғалмассыз деп ойлаймыз.
Мойындауымыз тиіс, түрлі себеппен облыста спорттың көптеген түрі кенже қалып келді. Көркем гимнастика да кезінде сондай күй кешті. 2011 жылы Қызылордада бұл бағытта арнайы үйірме ашылады дегенде көңілімізде көптеген сауалдың көлденең тұрғанын жасыра алмаймыз. Оған қажетті маманды да алыстан іздей қойған жоқпыз. Кезінде гимнастикадан зор табыстарға жеткен білікті маман Гүлмира Әбсұлтан шәкірт дайындау ісіне тәуекел етті.
– Өзіңіз білесіз, көркем гимнастика бұрын Алматы, Шымкент, Қарағанды секілді еліміздің ірі қалаларында кеңінен өрістеген болатын. Еліміздің атынан Олимпиада және өзге де сайыстар төрінде бақ сынаған Әлия Юсупова, Анна Алябьева сынды аруларды қазір кім білмейді? Біз де солар секілді үздіктерді дайындауға үміт арттық. Рас, алғашқыда қолымыз қысқа болды. Көптеген құрал-жабдық жетіспей жатты. Арнайы залымыз да жоқ еді. Ешқандай кедергі біздің жолымызды бөгей алмады. Бүгінде шәкірттерімнің шеберлігі шыңдалды. Бұрынғы қиындықтар ұмыт қалды, – деді білікті бапкер бізбен әңгімесінде.
Жаттығу залын көзбен барлай қарап өттік. Арнайы киім киген кішкентай қыздар шеберлігін шыңдауға барынша ниет танытып жатқанын аңғардық. Көркем гимнастикада ұсақ-түйек деген жоқ. Дүбірлі додада әрбір қимылды білікті мамандар жіті назарға алады. Әрбір жарысқа гимнасшылар ерекше дайындық жасайды. Десе де, карантин олардың оқу-жаттығу шарасына көп кедергісін келтірді.
– Әрбір жаттығу шәкірттің шеберлігін шыңдайды. Бұл – үздіксіз процесс. Оны үзіп тастауға болмайды. Екі-үш жыл бұрын қатерлі індет салдарынан көптеген жарыстар кейінге шегерілді. Бұл жағдайдың да бізге кері әсері бар. Сайыстар әрбір талантты жастың тәжірибесін арттырады. Биыл спорттың қай саласында да осындай келеңсіз көрініс кедергісін келтіріп отыр, – деді ол.
Қызылордада көркем гимнастика үйірмесінің ашылғанына алдағы жылы он бес жылға жақындады. Адам өмірінде қас-қағым сәт ретінде көрінетін шығар. Десе де істеген ісіне баға беретін уақыт екені белгілі. Бапкерлер әрбір күнді босқа жіберген жоқ. Күні кеше үйірме есігін имене ашқан жас өрендер бүгінде тәжірибесі толысқан таланттар қатарына қосылды.
– Көркем гимнастиканың өз ерекшелігі бар. Оған шәкірттерді өте кішкентай кезінен таңдаймыз. Шамамен 4-5 жасында бізге келеді. Үйірме алғаш ашылғанда келген шәкірттерім қазір мол тәжірибе жинақтап үлгерді. Көптеген жарыста бақ сынап, жүлделі орындардан көрінді. Диана Қанатбек бүгінде спорт шебері атағын қорғады. Ал Толқын Әбдиева – спорт шеберлігінен үміткер. Қазір біз 80-нен астам шәкіртті дайындап жүрміз. Олар бірнеше топқа бөлінген, – деді бапкер.
– Әлемде көркем гимнастикада алдыңғы лектен көрініп жүрген мемлекеттер баршылық. Әдетте, олардың қатарында Ресей, АҚШ, Канада, Франция  көш бастап тұр. Бұл елдерде арнайы орталықтар қыздардың шеберлігін шыңдап, тәжірибесін арттыруға барынша қолдау көрсетеді. Қаржылы азаматтар осы мақсатта қомақты қаржы құйып жатады. Айта кетейік, Ресейде Ирина Винер деген бапкер тұрады. Мәскеу қаласында ол басқаратын арнайы орталықта барлық жағдай жасалған. Онда қызмет ететін мамандар шәкірттердің талантын танып, шеберлігін арттыру жолында тынбай еңбек етеді. Кейбір жарыстарда олармен жолымыз тоғысып жатады. Ол мамандар біздің қыздардың да өнеріне жоғары баға беріп жүр, – деді Гүлмира Қойшыбайқызы.
Сырт көзге гимнастика оңай көрінетін шығар. Бірақ әрбір шәкірттің шыңдалуына бапкер қаншама тер төгеді. Жүздесу барысында бапкердің іс-әрекетінен соны байқап үлгердік. Қателік жіберген қыздардың қасына барып, оны қалай орындау қажеттігін түсіндірді. Көркем гимнастика – би өнеріне өте жақын  спорт түрі. Сондықтан бапкердің жанында міндетті түрде хореограф маман қызмет атқарады. Осылайша шәкірттер көркем гимнастиканың қыр-сырына қанығып өседі.
Оның айтуынша, соңғы жылдарда көркем гимнастиканың жаңа түрі қосылды. Мамандар оған эстетикалық топтық сайыс түрі деп атау берген. Ол би өнеріне өте ұқсас. Сол арқылы гимнасшылар белгілі бір ойды көрерменге ұсынуына мүмкіндігі бар. Біз жаттығу барысында қыздардың осындай нөмірдің біріне дайындалып жатқанын тамашаладық. Бапкер әзірге ол жайында кеңірек көпшілікке жария етуді қалаған жоқ.
– Алда көптеген жарыс бар. Азия чемпионатында бақ сынауға да мүмкіндік алдық. Сол сайыстың бірінде осы жобамыз бойынша көпшілік алдында бақ сынаймыз. Ол қандай тосын сый екенін көпшілік уақытында көре жатар. Бұл әзірге құпия болып қала берсін, – деді бапкер бізбен әңгімесінде
«Талант тасада қалмайды» деген. Расында, биік белеске беттеген әрбір өрен сол жолда қаншама қиындықты артта қалдырып, асқақ арманмен алға қарай қадам басады. Бұл – спорт саласына тән құбылыс. Тіпті, оны инемен құдық қазған секілді ұзақ жүретін процесс ретінде санауға негіз бар. Көркем гимнастика залына алғаш келген жас өреннің жүрек түкпірінде сондай арман-мақсаттың бүршік жарып жататынын бәріміз білеміз. Жаттығу залында жүрген жас қыздардың жанарынан болашаққа деген осындай талпынысын байқадық. 

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: