Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

Әбутәліп Аманов: Бозкілемде балуан барлығына дайын болуы тиіс

Қашанда спорттағы талантты ұландар ауылдан шығатыны жайлы жиі айтамыз. Расында, қасиетті топырақтан түлеп ұшқан саңлақтар көп. Ел ішінен сондай өрелі биікке беттеген өжет өрендерді іздеп тауып, оларды әлемдік деңгейдегі саңлақтар қатарына қосуда жергілікті бапкерлердің еңбегі ерен. Еркін күрестен Дәулет Ниязбеков, Ғалымжан Өсербаев секілді белгілі балуандарға тәлім берген Әбутәліп Амановпен балалар мен жасөспірімдер спорты жөнінде ой бөліскен едік.


- Шәкірттерімнің биіктерді бағындырғаны еңбектің, төккен теріңнің зая кетпегендігін көрсетеді, - деді Әбутәліп ағамыз бізбен әңгімесінде.
– Шәкірттерімнің көбісі талай дүбірлі додада топ жарды. Атап айтсам, олардың қатарында 1979 жылы спорт мектеп-интернаттары оқушылары арасындағы Кеңес Одағы чемпионатының күміс жүлдегері, КСРО спорт шебері Болат Уайысов, жастар арасында Қазақстан чемпионы, КСРО спорт шебері Әбубәкір Тәжімбетов бар. Сондай-ақ, Азия чемпионатының қола жүлдегері, Орталық Азия ойындарының жеңімпазы, КСРО спорт шебері, Мұрат Мәмбетов пен оның бауырлары Қазақстан Республикасының спорт шеберлері Ғазиз және Жомарт Мәмбетовтер, Сайдбек Ақылбеков, ҚР спорт шебері, жастар арасында Қазақстан жүлдегері Самат Қожабаев, Марғұлан Жүсіповке тәлім бердім. Еңбек жолымда 200-ден аса балғынды бозкілемде баулыған екенмін. Қазір ел спортында үлкен беделге ие олып жүрген Дәулет Ниязбеков пен Ғалымжан Өсербаев осындай үздік шәкірттерімнің бірі болды.
- Спортшыға толайым табысқа жетуі үшін қандай қасиеттер қажет деп ойлайсыз?
- Ең алдымен мінез қажет. Алда талай жарыс күтіп тұр. Қаншама қарсыласпен боз кілем үстінде тайталасқа түсуің тиіс. Мен шәкірттерімнің физикалық дайындығына мән беремін. Әрбір жас өренді спортқа енді келгеннен шаршатып алмауымыз тиіс. Оларға бірден салмақ салсаң беті қайтып қалуы да ғажап емес. Сондықтан жасөспірімдерді дайындауда тиімді әдістеме қажет деп ойлаймын.
Әлемнің кейбір мемлекеттерінде балуандарды дайындаудың өзіндік тәжірибесі бар. Бізде де бапкерлер сондай әдіс-тәсілге сүйенеді. Ол ұзақ жылдан бері жиналған. Десе де, онда кейбір олқылықтар бар. Үйірмеге енді қатысып жүрген жас өрендерді бірден түрлі жарысқа алып баруға ұмтыламыз. Оған қоса жүлдегер қатарынан көрінуге талап қойылады. Менің ойымща, осылайша жас спортшыға көп салмақ түсіріп алатын секілдіміз. Бұл баланың меселінің қайтып қалуына алып келуі әбден мүмкін.
- Қазақ халқы ежелден күрес өнеріне бейім екенін тарихтан жақсы білеміз. Десе де үлкен сайыстарда қарсыластарымызға неге есе жіберіп қойып жүрміз?
- Ресейде Якутия деген аймақ бар. Онда 800 мыңнан астам адам тұрады. Тұрғындар саны біздің облыспен шамалас. Сол өңірдің өзінен қаншама мықты балуандар шықты. Біз олардың спортшы дайындау ісіне мән беріп көрдік пе? Тағы бір оқиға ойға оралады. Бір әріптесім Болгарияға барып бапкерлік жасауға келісімге келді. Қомақты жалақысы бар. Ол біздегі тәжірибе бойынша шәкірттеріне тәлім береді. Күндердің күнінде оған жергілікті басшылар спортшыларға үлкен салмақ салмау жөнінде ескерту жасайды. Ақырында ол қызметінен кетуге мәжбүр болды. Өйткені, ол елде балуандар дайындаудың өз әдістемесі бар. Байқағанымыз, көптеген елде талантты жастарды ересектер арасындағы беделді бәсекелерге дейін шаршатып алмауға тырысады.
 -Шәкірттеріңізге сайысқа түсер алдында қандай ақыл-кеңес бересіз?
- Оған бір сөзбен жауап беру оңай тимес. Оның бірнеше себебі бар. Әрбір дүбірлі додаға осал спортшы келмесі анық. Бәрі де жеңімпаз тұғырынан көрінуді қалайды. Оған қайсысы дайын? Бұл жерде мен тек балуанның физикалық дайындығын сөз етіп отырған жоқпын. Спортшы психологиялық тұрғыдан да осал түспеуі керек. Жеңіске жету жолында әрбір балуан түрлі тәсілдерге барады. Сол айлаға түсіп қалмауы қажет. Кейде төрешілер тарапынан бұра тарту жағдайы да кездеседі. Сондықтан боз кілем үстіндегі белдесуде балуан барлығына дайын болуы тиіс. Осыдан кейін ғана олар жоғары нәтижеге қол соза алады.
- Сырттан спортшылар шақыруға қалай қарайсыз?
- Қайбір жылдары елімізде сырттан спортшылар шақыру белең алып кетті. Өкініштісі, күресте олардың арасынан Олимпиада мен Әлем чемпионатында чемпион тұғырынан көрінген ешкім болған жоқ. Оның себебі де белгілі. Ешкім өзінің мықтысын шетке жібере қоймайды. Өзінің елінде жарқырап көріне алмаған балуан қайда болса да сол деңгейден жоғары шыға алмайды. Айта кетерлігі, қазір күрес өнерінде жергілікті балуандар жақсы көрініп келеді. Олардың арасынан олқылықтың орнын толтыратын шымыр жігіттер шығады деген үміт бар.
- Қазір еркін күрестен Сыр өңірінің балуандары алдыңғы лектен көрініп келеді. Оған қандай жұмыстар әсер етті деп ойлайсыз?
- Кезінде Қызылорда облысы еркін күрестен соңғы орындарды місе тұтып келді. Еліміздің өзге өңірлеріндегі балуандар біздің жігіттерді қарсылас көрмейтін. Менің бұл салада еңбек етіп келе жатқаныма қырық жылға жуықтады. Қазірге дейін облыста спортты дамытуға қаншама күш жұмсалды. Нәтижесін көріп жүрміз. Еркін күрестен талай шеберді дайындап шығаруға мүмкіндік туды. Жер-жерде ашылып жатқан спорт кешендерінде еркін күрес үйірмелері бар. Оларда шеберлігі шыңдалған жастар шоғыры өсіп келеді.
- Сөз соңында өзіңіз жайында қысқаша айта кетсеңіз...
- Мен 1958 жылы Жаңақорған ауданында дүниеге келдім. Үйдің тұңғышы болғандықтан әжемнің қолында тәрбиелендім. Әкем Нұрлыбек ауыл-аймаққа аты таныс азамат болды. Ол той-жиындарда көкпар тартып, қазақ күресінде күш сынасатын. Бала кезде белгілі ғой, арамыздан біреу таңсық нәрсеге бет бұрса, бәріміз соның ізінен еретін едік. Біз де сол, 7-сыныпта оқып жүргенде сынып болып, күреске қатысатынбыз. Ол кезде қазіргідей спорт нысандары жоқ. 70-жылдары далада, талдың көлеңкесінде, әйтеуір бір ыңғайлы орындарда жаттығу жасайтынбыз. Сонда әжем Бибіажар маған қатты алаңдаушы еді. Әлсіреп қаласың деп, әлсін-әлсін ас-су әзірлеп бәйек болатын. Ал анам менің жаттықтырушы болғанымды қалады. Ақыры анамның арманы орындалды ғой. 1976-1978 жылдары КСРО Қарулы Күштерінің қатарында әскери борышымды өтеген соң Алматы қаласындағы Қазақтың дене тәрбиесі институтына түстім. 1984 жылы дене тәрбиесі және спорт мамандығын тәмамдадым. 1995-2001 жылдар аралығында туған жерімде балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры қызметін атқардым. Одан кейін 7 жыл Қызылорда облысының спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында, 5 жыл №1 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық резерв мектебінде еркін күрес бөлімінің жаттықтырушысы болып жұмыс жасадым. Қазіргі таңда облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінде аға бапкер қызметін атқарып келемін.
- Әңгімеңізге рақмет.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: