Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

Қармақшы спортының саңлағы

Бауыржан ЕЛЕУСІНОВ. Найзабек Сағымбаев жастайынан спортқа өте бейім болып өсті. Таңертең ерте тұрып таңғы жаттығу жасауды, суға жүзуді, темір жолды жағалай Анакөл, Абыла және Қорқыт разьездеріне дейін жүгіріп қайтуды әдетке айналдырды. 1974 жылы аудандық оқушылар спартакиадасында 1500 және 3000 метрлік қашықтыққа жүгіруден бірінші келіп, артынша облыстық спартакиадада екі қашықтықта чемпион атанды.


1975 жылы Ү.Томанов атындағы №183 мектепті бітіргеннен кейін спорттағы алғашқы ұстазы, марқұм Жарболсын Құндақбаев пен білікті спорт маманы Еркін Атабаевтың ықпалымен спорт саласы маманы болуға шешім қабылдады.
Еңбек жолын орта мектепте дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып бастап, 1977-1981 жылдар аралығында Қарағанды педагогикалық дене тәрбиесі институтында жоғары білім алып, «дене тәрбиесі бойынша мұғалім» мамандығына ие болды. Студент жастар, ауыл-село спортшылары арасындағы көптеген республикалық жарыстарда орта қашықтыққа жүгіруден және ГТО көпсайысынан жеңімпаз атанды.
Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін 1981-1984 жылдары Қармақшы аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып қызметке тұрды. Жас маман ретінде уақытпен санаспай күндіз-түні оқушы балаларды спорттың жеңіл атлетика түрі бойынша үлкен жарыстарға дайындай бастады. Соның арқасында көп кешікпей-ақ облыстық жарыстарда, спартакиадаларда, ГТО көпсайыстарында аудан жеңіл атлеттері Қызылорда, Ленинск (қазіргі Байқоңыр) қалаларын артқа тастап, командалық бас бәйгені иемдене бастады.
Аудан басшылығының қолдауымен республикамызда алғаш рет Ұлы Жеңіс күніне арналған «Жосалы – Қызылорда» бағыты бойынша екі күндік 200 шақырымдық үгіт-насихат марафонын ұйымдастырып, спортшыларды өзі бастап жүгірді. Жосалыда орталық алаңнан 7 мамырда жүгіріп шығып, 9 мамыр күні Қызылорда қаласына жетті. Барлық жерде соғыс және еңбек ардагерлерімен, жас спортшылармен кездесулер ұйымдастырып, соғыста қаза тапқан батырлар ескерткіштеріне тағзым етіп, гүл шоқтары қойылды. Спортшыларды Қызылорданың орталық алаңында сол кездегі қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Қырымбек Елеуұлы құттықтады. Бұл жөнінде газет беттерінде «200 шақырымды екі күнде» атты мақала да шықты.
Осындай табысты еңбегінің арқасында Найзабек Бекетұлы 1984 жылдан аудандық «Қайрат» ерікті спорт қоғамының төрағасы, 1985 жылдан аудандық спорт комитетінің төрағасы қызметін атқара бастады. Аудан спортшылары облыстық, республикалық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсете бастады.
Осы жылдары елімізге келген 269 Денсаулық Сауықтыру Кешенінің (ДСК) құрылыс конструкциясы облыс көлемінде алғашқылардың бірі болып Қармақшы ауданына берілген болатын. Конструкция бойынша құрылысты бастап кету біршама қиындықтар туғызғанымен, сол кездегі аудандық атқару комитетінің төрағасы А.Кәмішевтің қадағалауымен, орынбасары Ж.Жәкеевтің басқаруымен 1989 жылы іргесі қаланып, 1990 жылы аудан орталығында еліміздегі алғашқы ДСК-нің бірі пайда болды.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей бұл нағыз халықтық құрылысқа айналды. Аудан мекемелері құрылыс материалдарымен, транспортпен көмектесті. Байқоңыр ғарыш айлағынан да қажетті материалдар тасылды. Орталық алаңда бұқаралық спорттық шара ұйымдастырылуы кезінде бірнеше рет спорттық лотерея ойнатылып, түскен пайда тікелей ДСК-ның құрылысына жіберіліп отырды. Ұтыста автомашина, мотоцикл, түрлі-түсті телевизорлар және тұрмысқа қажетті заттар ойнатылды. Осындай халыққа қажетті игілікті істе Найзабектің спортты жанына серік еткен достары да қарап қалмады. Рзақұл Нұртаев басқаратын Казтепломонтаж мекемесі спорт кешеніне келетін жылу жүйесін жылу ұстайтын материалдармен қаптап берсе, Жомарт Көшербаев басшылық ететін аудандық электр жүйесі мекемесі подстанциядан спорт кешеніне дейін 3 фазалы электр желісін, электр қондырғыларын жүргізіп беріп, көмек қолын созды.
Көп кешікпей бұл бастама облыс, республика көлемінде етек алды. Спорт кешенінің құрылысын салу жөнінде республикалық семинар-кеңес Қармақшы ауданында өткізілді. Бүгінде сол аудан орталығындағы салынғанына 30 жылға жуық болған спорт кешені ел игілігіне жарап, болашақ чемпиондар ұстаханасына айналып отыр. Спорт кешенінің Кеңестер Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаев әкеміздің атындағы самбо күресінен Халықаралық мемориалында әлемнің түкпір-түкпірінен келген апайтөс палуандардың бақ сынайтын жеріне айналғанын мақтанышпен айтуға болады.
Найзабек аудандық спорт комитетінің төрағасы болып жүрген кезінде Әділбек Серікбаевтай талапты жас маманды жұмысқа тартып, самбо күресі секциясын ашып берген болатын. Қазіргі кезде бұл орталықтан 80-нен астам спорт шебері, ондаған халықаралық спорт шебері, Әлем, Азия чемпиондары мен жүлдегерлері шықты.
Найзабек Бекетұлына Қазақстан Үкіметі тарапынан егемен ел спортын дамытуға және жастарды патриоттық рухта тәрбиелеудегі зор еңбегі үшін ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағы беріліп, «Құрметті спорт қайраткері» және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен және «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.
Қасиетті Қармақшы топырағынан шығып, бүкіл саналы ғұмырын жастарды спортқа баулуға, байрақты бәсекелерде ел намысын қорғауға тәрбиелеп жүрген аудан спортының саңлағы Найзабек Бекетұлы мен оның шәкірттеріне алдағы Олимпиада асуларында толағай табыстар тілеймін.



Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: