Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов сапарының басты мақсаты – Оңтүстік Қазақстан облысында балалар және жасөспірімдер футболының инфрақұрылымымен танысу. Бұл жөнінде Қазақстан футбол федерациясының баспаөз қызметі хабарлады.
Ол Қажымұқан атындағы Орталық стадионды, «Биік» футбол базасын аралады. Соңғысында кеше ғана футбол орталықтары мен академиялардың жасөспірім командалары арасында «Жастар» Республикалық турнирі аяқталды.
Сонымен қатар, ҚФФ президенті Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовпен кездесті. Ерлан Қожағапанов жұмыс сапарын Шымкент қаласындағы футбол саласындағы мамандармен ұзаққа созылған басқосумен аяқтады. Жиында Оңтүстік Қазақстан облысы футболының дамуы және Қазақстан Ұлттық құрамасы мен ел чемпионатының ойындарында көрермен қызығушылығын арттыру мәселелері көтерілді.
Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысынан Қазақстан Премьер-лигасында «Ордабасы», ал бірінші лигада «Қыран» мен «Мақтаарал» клубтары ойнайды.