Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

"Байқоңыр" жеңілсе де бабында екенін байқатты

Қызылорданың «Байқоңыр» командасы жаңа маусымдағы алғашқы кездесуін өткізді. Қазақстан кубогының електік финалы аясында Петропавлдың «Қызылжар» командасын қабылдаған жерлестеріміз 0:1 есебімен жеңіліп қалды.
"Байқоңыр" (Қызылорда) - "Қызылжар" (Петропавл) 0:1
Гол: Набиев, 72.

 

Григорий Отарович Лория жетекшілік ететін «Қызылжар» биыл Қазақстан Премьер-лигасына жолдама алуды көздеуде. Құрамы да кіл мықтылармен жасақталған. Қай-қайсысы болмасын тісқаққан тәжірибелі ойыншылар. Дегенмен, құрамы тек қызылордалықтардан құралған «Байқоңыр» да осал команда емес. Футболшыларының барлығы облыстың бас командасы «Қайсар» сапынан орын алудан үміткер. Ал бұл жігіттерді ең дарынды жас мамандардың бірі Ерлан Шойтымов жаттықтырады.
Ойын бірден алаң иелерінің шабуылымен басталды. Капитан Асқат Қарабектің әдемі пасынан кейін Дастан Дүйсембаев «теңбіл снарядты» қақпаға қақырата тепкен еді. Алайда Роман Нестеренко әлі де қартаймағанын дәлелдеп, допты тура тоғыздықтан алып шықты. Одан кейін Бағдат Исмаиловтың пасы Фазылбек Бекболовты іздеп тапты. Бірақ тағы да қонақтар қақпашысының қабілетіне тәнті болдық. Ал Алмат Тілеуқабыловтың алыстан қақырата тепкен добы маңдайшадан сәл ғана биік ұшты.
Бас кезінде «Локомотивтің» жасанды жасыл желегіне үйренісе алмаған «Қызылжар» тек жарты сағаттан кейін ғана алаңға аздап бейімделе бастады. Нәтижесінде алғашқы шабуылдарында-ақ есеп ашатын мүмкіндіктері болған. Сол қапталмен айып алаңына ентелей енген қонақтар шабуылшысын Олжас Алтаев етпетінен түсіріп, Шыңғыс Таңатқанов қақпасына пенальти белгіленді. Абырой болғанда Давид Чагелешвилидің 11-метрден тепкен добы айдалаға ұшты.
Екінші тайм да тура осындай мәнерде басталды. Алаң иелері шабуылдарын арттырғанымен қонақтардың қорғанысы сыр бермей, сауатты ойнады. Ал кездесудің 72-минутында «Қызылжар» есепте алға шығып кетті. Оң қапталмен әуеле асырылған пасты баспен соққан Эльмар Набиев болатын.
Жерлестеріміз таразы басын теңестіруге қанша тырысқанымен доп қақпаға енген жоқ. Бірде доп сәл биік ұшса, бірде қақпашының қолынан табылып, «сиқырлы құлптың» кілті табылмады. Қорытынды есеп – 0:1, енді «Байқоңыр» Қазақстан Бірінші лигасының ойындарына дайындалады. Ал «Қызылжар» Ел кубогының келесі кезеңінде Семейде жергілікті «Спартакпен» ойнайды.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: